«Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдіргені мәлім. Депутаттардың бұл бастамасынан Президент хабардар. Халық қалаулылары, өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтініштеріне сүйенді. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді», - деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында.
Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент атындағы басқа да нысандар өз атауларын сақтап қалады.
«Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә. Назарбаевтың шешуші рөл атқарғаны тарихи факт деп санайды. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа да нысандар өз атауларын сақтап қалуы тиіс», - деді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.
Атап айтқанда, өткен аптада бұл тақырып төңірегінде Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пікір білдірген еді.
«Елорданың атауын өзгерту мәселесіне тоқталсақ, бұл бастама біздің депутаттардың, депутаттық топтың ұсынысы болып отыр. Бірнеше жыл бұрын елорданың атауын өзгерткеннен бастап қоғамның ішінде пікірталас әлі де толастамады. Сондықтан халық арасында түрлі пікір бар. Соның көбісі бұрынғы атауын қайтаруға қатысты», - деді Е.Қошанов.
Осы орайда ол депутаттар халық үніне құлақ асуы қажет деген пайыммен елорданың бұрынғы атауын қайтару мәселесін көтергенін айтты.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордаға Астана атауын қайтару мәселесінде халықтың пікіріне мән беру керек екенін айтып отыр.
«Бұл мәселеде адамдар өз пікірін айтуға құқылы. Азаматтың өз пікірін айтуға мүмкіндігі болуы керек, яғни бұл тұрғыда қудалайтындай саясат жоқ. Ең бастысы, халықтың пікірін ескеруіміз керек. Халықтың, қала тұрғындарының пікірі – негізгі фактор. Осы орайда жарияланып жүрген ұсыныстарды естіп, Мәжілістің депутаттары тиісті бастаманы көтеріп жатыр. Бұл тұрғыда халық не айтса, сол болуы керек. Халық қолдаса, осындай шешімдерге баруымыз тиіс», - деді М. Әшімбаев.
Сенат төрағасы бұл мәселеде ешқандай саяси ойындар жоқ екенін, яғни Қазақстан халқының пікіріне назар аударуға мән берілгенін айтты.
«Жаңа Қазақстанның аясында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте қоғамдағы ойларды пысықтап, тиісті шешім қабылданады», - деді ол.
Астана атауын қайтаруға қосымша шығындар болмайды
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдар бюджет департаментінің директоры Светлана Кучерова елордаға Астана атауын қайтаруға қатысты қосымша шығындар болмайтынын алға тартып отыр.
«Елорданың атауын өзгертуге тоқталсақ, орталық мемлекеттік органдарда ғимарат маңдайшасындағы жазулар ауыстырылады. Бұл жұмыстар жыл сайын ғимараттарды күтіп ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бланкі өнімдерін өзгерту қажет болады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда электрондық құжат айналым бар екенін ескерсек, бланкілерді басып шығаруға қомақты қаражат керек болмайды», - деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, бұл шығындарды бұған дейін қарастырылған қаражат сомасында іске асыруға болады.
«Елорда атауы жазылған нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізу қосымша шығындарды қажет етпейді», - деді Светлана Кучерова.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері Дарина Даненованың сөзіне қарағанда, әлемдік тәжірибеде белгілі бір тарихи оқиғаның ықпалымен қала атауын өзгерткен жағдайлар көп кездеседі.
«Кейде қаланың бастапқы атауы өзгергеннен кейін, қайта бұрынғы атауы қойылған жағдайлар да болған. Қала атауын өзгертуді қоғамның рухани жаңғыруымен қатар жүретін ғұрыптық әрекет ретінде қарастыруға болады. Қазіргі уақытта Қазақстанның елордасына бұрынғы атауы Астананы қайтару туралы мәселенің көтерілуі кездейсоқ емес шығар?! Бұған дәлел ретінде көптеген әлеуметтану саласындағы сауалнамалардың нәтижесін келтіруге болады. Қазіргі таңда түрлі интернет-ресурстарда «Астана атауының қайтарылуын қолдайсыз ба?» деген сұрақ жарияланып, сауалнамаға қатысқандардың 70-85 пайызы «иә» деп жауап берген. Мұндай сауалнаманы репрезентативті деп санауға болмайды, дегенмен жауаптардағы үрдіс айқын», - деді сарапшы.
Д. Даненованың сөзіне қарағанда, 2019 жылдан бастап қазіргі дейін Астана атауымен аталған «Астана Опера», «Астана Балет», «Астана Арена», спорт клубтары, телеарна, әуе компаниясы сияқты елорданың негізгі нысандары бұрынғы атауларын сақтап қалды.
«Сондықтан астаналықтардың Астанада тұруы, ал бұған дейін танымал болған және ешкім ұмыта қоймаған Астана брендінің халықаралық аренаға қайта оралуы заңды болмақ!», - деді ол.
Елорда атауын өзгертуге қатысты өнер адамдары мен спортшылар да өз пікірлерін білдіріп жатыр.
Қазақстандық эстрада әншісі Лаки Кесоглудың пайымынша, Астана – бұл құлаққа жағымды естілетін өте ықшамды атау.
«Дұрыс шешім қабылданды. Астанаға бұрынғы атауын қайтару керек деп есептеймін. Астана - елорда деп аударылады. Бұл құлаққа жағымды естілетін өте ықшамды атау. Ол барлығының құлағында жатталған. Бұл да маңызды рөл атқарады», - деді Лаки Кесоглу.
Өз кезегінде танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев Астана атауы бренд ретінде қалыптасқанын айтты.
«Жалпы Астана – біздің еліміздің ордасы екенін айғақтап тұр. Сонымен қатар, ол бренд болып қалыптасты. Бұл атау халықтың санасына сіңді, ойында қалды», - деді боксшы.
Сонымен қатар, белгілі қазақстандық актер, режиссер және продюсер Санжар Мәди депутаттардың Астана атауын елордаға қайтару туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
«Бұл ұсынысты мен де қолдаймын, елордаға бастапқы атауды қайтару туралы шешім дұрыс деп есептеймін. Астана деген жақсы атау», – дейді С. Мәди.