Елордалық оқушылар соңғы қоңырауда вальс билемейтіні рас па

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір желіде астаналық мектеп түлектерінің соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасын өткізу мәселесі қызу талқыланып жатыр.

Әлеуметтік желіде соңғы қоңырау салтанатты шарасын өткізуге қатысты елордалық оқушылар таратқан жазба жарияланды. 

Фото: Әлеуметтік желіден

— Құрметті ата-аналар! 25 мамыр күні салтанатты жиын мектеп тарапынан ұйымдастырылады. Вальс билеу, лента тағу алынып тасталынды, — деп жазылған мәтінде.

Осылайша, елордалық мектеп түлектері соңғы қоңырау салтанатына шектеу қойыла ма деп алаңдаулы.

Істің мән-жайын қалалық Білім басқармасынан анықтадық. 

— Ешқандай шектеу көзделмеген. Бұл мәселеге қатысты ата-аналармен арнайы жиналыс ұйымдастырылады, — деген жауап алдық басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, өткен жылы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау кезінде ата-аналар мектептегі мерекелік іс-шараларға шығындалып, балаларды ысырапқа үйретпеуі керектігін айтқан еді.