Кездесуге 140 адам қатысты, соның ішінде эксперименталды мектеп басшылығы, кураторлар, оқушылар. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Білім басқармасынан хабарлады.
Вице-министр Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, 12 жылдық білім беру тәжірибесі республикамызда 2003 жылы қолға алынды, ал биыл елордалық 8 мектепте 9-11 эксперименталды сыныпта 101 оқушы оқып жатыр.
Кездесу аясында көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына 2003-2014 оқу жылдарындағы Астана қаласының эксперименталды мектептерінің қызметін көрсететін баннерлер, стендтер, тәжірибеші мұғалімдердің шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Бұдан басқа, №3,4,32 мектептердің оқушылары өз өнерлерін ортаға салды, «Көгілдір желкен» балабақша - гимназиясының оқытушылары мен эксперименталды сынып оқушыларының «Менің таңдауым - болашақ білімі» атты экскурсы өткізілді.
Сондай-ақ, «Бос микрофон» шарасы ұйымдастырылып, оқушылар 12 жылдық білім беру бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Кездесу соңында ҚР Білім және ғылым вице-министріне елордалық мектептердің эксперименталды сыныптарының оқушылары әзірлеген «Бірлескен шығармашылық» хартиясын табыстады.