Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын өткізеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын Беларусьте «Динамо» (Минск) клубына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ойын елорда уақытымен 19:20-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін 27 мәрте кездесті. Оның 15-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыласына есе жіберді.

Соңғы бес кездесудің екеуінде елордалық клуб басым түсті.

Өткен маусымда екі команда бір-бірден жеңіске жетті. Алдымен елордада «Барыс» буллиттен 3:2 есебімен басым түссе, Минскіде 5:6 есебімен есе жіберді.

«Барыс» бұдан кейін 5 қыркүйекте СКА (Санкт-Петербург) командасымен кездессе, келесі кезекте 7 қыркүйекте «Витязь» (Подольск), 9 қыркүйекте «Сочи» командаларымен шеберлік байқасады.

Ал елордада 13 қыркүйекте «Трактор» (Челябинск) командасын қабылдайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының иегері атанды.