Елордалық полицейлер 500-ден астам отбасыға көмек көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полиция қызметкерлері әлеуметтік көмек ретінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуды бастады, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Аталмыш акция барысында полиция қызметкерлері қаладағы 500-ден астам отбасыға барды. Солардың ішінде «Алтын алқа» иегерлері - 7, «Күміс алқа» - 31, оған қоса 357 арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын және Чернобыль апатына қатысқан азаматтар болды.

Еске сала кетсек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап Астана қаласының әкімдігі жалғыз басты зейнеткерлерге, соғысы ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қамқорлық көрсету мақсатында 1 желтоқсаннан басталған «Мейірімді қала» қайырымдылық акциясын өткізу бастамасын көтерген еді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша аталмыш акциялар көмекке мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетудің оңтайлы мүмкіндігі. Аталмыш акцияларға қатысу әрбір қазақстандыққа үлгі ретінде болуы керек.

Аталған акциялардың мақсаты - өз мүмкіндік пен шама-шарқына қарай пайдалы іс жасау және қолдау, сонымен қатар өскелең ұрпақтың тәрбиесіне аса ден қойып, жасы ұлғайған жандарға деген құрметтілігін, Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық рух және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Еске сала кетсек, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы аталмыш акция барысында Тәуелсіздік мерекесіне орай Астана қаласында тұратын бірнеше көп балалы отбасыға сыйлық жасаған еді.