Елордалық полицейлер жыл басынан 22 мыңнан аса құқық бұзушылықты анықтады

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Астаналық полицейлер ұсақ тәртіп бұзушыларға қарсы «нөлдік шыдамдылық» қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыруда,

деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Биылғы жылдың басынан бері Астана қаласының полиция қызметкерлері 22000-нан аса әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаса, оның 1918-і ұсақ бұзақылық болып есептелінеді. Соның ішінде 168 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынып, 1661-іне айыппұл салынды.

«Тек 2013 жылдың 14-15 мамырында ұсақ бұзақылыққа қарсы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 61 материал қаралды. Олардың ішінде 12 тәртіп бұзушы соттың қаулысымен қамауға алынса, 49-ына 3 айлық АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлайды ведомстводан.

Сонымен қатар, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында елордалық полицейлер ұсақ тәртіп бұзушылық бойынша көшпелі сот отырыстарын, оның ішінде қаланың жоғары оқу орындарында да өткізу тәжірибеге енгізді. Жыл басынан бері осындай алты отырыс ұйымдастырылды.