Елордалық жол инспекторлары автопарктерді тексеруде

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - 29 қазан - 2 қараша аралығында Астана қаласы аумағында жолдарда апаттық жағдайларды төмендету, Жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын болдырмау, жолаушылар тасымалымен ұдайы айналысатын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті сақтау мақсатында «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өткізіледі. Бұл туралы astana.kz сайтына ІІД Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгінгі таңда елорда аумағында қоғамдық жолаушылар тасымалымен айналысатындар шеңберіндегі 9 кәсіпорын 51 бағыт бойынша қызмет көрсетеді және 942 автобусты пайдаланады. Жыл басынан бері Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін 2,5 мыңнан астам қоғамдық көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде қала ішінде ұдайы жолаушылар тасымалымен айналысатын 1,5 мыңнан астам жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Көше қиылысын жүріп өту, апаттық жағдай туындату, жолдың қарсы бағытына шығып кету, белгіленген жылдамдық тәртібін арттыру сияқты Жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары жиі орын алады.

Жол полициясы басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері қоғамдық көлік жүргізушілерінің ЖҚЕ бұзудың 700 жағдайын тіркеген.

«Іс-шара аясында Жол полициясы басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлерімен қаладағы барлық көлік кәсіпорындарындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге нұсқаулар беріліп, Жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы сұхбаттар жүргізілді. Сонымен қатар, автобустарды бағыттар бойынша жіберу кезінде олардың техникалық жағдайлары тексерілді», - делінген хабарламада.