2026 жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының қорытындысы бойынша аталған мекенжайда орналасқан тұрғын үй тұрғындары «100 пәтер» санатында 2-орын иеленген.
Соның нәтижесінде биыл аула аумағында кешенді абаттандыру жұмысы жүргізілді.
Салтанатты іс-шараға Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболат, Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Өмірзақов және аудан тұрғындары қатысты.
Аулада тұрғындардың жайлы демалысына арналған инфрақұрылым толық жаңартылды. Атап айтқанда, аумаққа жаңа асфальт төселіп, кеспетаспен жабдықталған тротуарлар салынды. Сондай-ақ бордюрлер мен палисадтар жаңартылып, балалар алаңына заманауи ойын кешендері мен шағын сәулеттік нысандар орнатылды. Алаңға тартан жабыны төселіп, көгалдандыру жұмысы жүргізілген.
Бұдан бөлек, аулада workout элементтері бар заманауи спорттық-жаттығу аймағы жабдықталып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболат тұрғындарды ауланың жаңартылуымен құттықтады.
— Құрметті тұрғындар! Игіліктеріңізге беріліп жатқан жаңартылған аулада балаларыңыз асыр салып ойнап, өсіп-өне беріңіздер. Осы ауладан болашақта еліміздің туын биікке көтеретін спортшылар шықсын. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын, — деді Мақсат Тасболат.
Өз кезегінде Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Өмірзақов бастамашыл топқа алғысын білдірді.
— Бұл жай ғана аумақ емес, бұл — бірінші кезекте отбасы мүшелері көршілердің ортасында тамаша кештерді бірге өткізуге, балалардың бос уақытын қызықты өткізуіне арналған бірден-бір орын. Ауланы жаңғыртуға зор үлес қосқан бастамашыл топқа, мердігер ұйымға, аудан әкімдігіне алғыс білдіреміз, — деді Азамат Өмірзақов.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Алматы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан барлық аула 1 маусымға дейін аяқталып, пайдалануға беріледі.
Осыған дейін Астананың екінші әуежайы қай ауданда салынуы мүмкін екенін жаздық.