Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметовтің айтуынша, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының 2025 жылғы 10 қарашадағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында елорданың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларына тиісті өзгертулер енгізілді.
— Қағидаларды қаланың шеткері аумақтарында Бас жоспар жобасымен магистралдық-инженерлік желілермен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жерлерде жер учаскесін беруге және көппәтерлі тұрғын үйлер салуға 2035 жылға дейін уақытша шектеу енгізу көздейтін тармақпен толықтыру ұсынылады. Қазіргі уақытта қағидалар жобасы уәкілетті органдармен келісілді. Аталған жоба қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейді және құқықтық актілерге қойылатын талаптарға сай. Жобаны қабылдау қаржылық шығындарды талап етпейді. Жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша әкімшілік кедергілер тудырмайды, — деді ол.
Басқарма басшысы елорданың әкімшілік аудандық алаңдары өзгеретіндігін де мәлім етті. Оның айтуынша, енді Алматы ауданы — 8 412, Есіл ауданы — 20 518, Нұра ауданы — 18 516, Сарайшық ауданы 6 953 гектар болады. Сондай-ақ, Байқоңыр ауданының шекарасы — 18 190, ал Сарыарқа ауданының шекарасы 7 144 гектар болып бекітіледі.