«Аудандық әкімдікте айына бір рет ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, қалалық Мәслихат депутаттары және басқа орталық аппарат өкілдерінің қатысуымен «Партия күні» ұйымдастырылады. Аталған іс-шарада шешімін таппай жүрген, жүйеленген мәселелер қарастырылады. Бүгінгі кезекті жиында құрылыс қалдығы мәселесін көтерудеміз. Аудан көлемінде жүргізілген арнайы мониторинг нәтижесінде 13 жерден 100 мың тоннаға жуық құрылыс қалдығы үйіндісі анықталды. Осы орайда тиісті ұйымдардың жауапкершілігін қатаңдату және қалдықты өңдеу мәселесін шешуді ұсынып отырмыз», - деді аудан әкімі, Есіл аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Б. Жәкенов.
Оның айтуынша, аталған мәселені уақыт созбай құзырлы органдармен бірлесіп заң аясында шешкен жөн.
«Қалада 100-ге жуық клинингтік компания жұмыс істейді. Ол ұйымдар эко-полигонмен 110 мың тонна құрылыс қалдығын шығару туралы алдын ала келісім жасаған. Ал іс жүзінде бар-жоғы 10 мың тонна қалдық полигонға жеткізіліп отыр. Демек қалған 90 мың тонна құрылыс қалдығы қала аумағында үйіліп жатыр деген сөз», - дейді ол.
Осы орайда, аудан әкімі эко-полигонға құрылыс қалдықтарының шығарылуын бақылауды күшейту және қалдықты шығаруға жауапты компаниялардың есеп беруі керектігін баса айтты.
Айта кетсек, бұған дейін елорданың Есіл ауданының аумағында орналасқан Ботаникалық баққа тәуелсіз мәртебесін беру идеясы ұсынылған болатын.