«Шекара инфрақұрылымын біркелкі дамыту аса маңызды. Қазіргі таңда бірқатар бақылау-өткізу бекеті мен жолдарда күрделі жөндеу жүріп жатқанын кәсіпкерлердің көбі білетін шығар. Осы бекеттердің бір бөлігі жыл аяғына дейін ашылады деп отырмыз. Бұл шекарады кептелісті айтарлықтай азайтады. Бұл мәселеде «жұмсақ инфрақұрылымды» жетілдіру негізгі мәселеге айналып отыр. Яғни, кедендегі тексерулер мен құжат рәсімдеу жұмыстарын жеделдету керек», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Елші өзі атаған шаралар бизнеске қолайлы жағдай туғызып, шекарадағы тосқауылдарды жоятынына сенімді.
«Шекарадан өту үдерістері ең жоғары халықаралық стандарттарға сай болғаны қажет. Кептеліс кесірінен бизнес ақша мен уақыттан қағылып жатыр. Бұған жол беруге болмайды. Осылайша шекарадағы инфрақұрылымды дамыту әкімшілік процедураларды жетілдірумен қатар жүруі керек. Сонда ғана жүк тасымалы бөгелмей, екіжақты әріптестік арта түседі», - деді дипломат.