Емханада 50 адам кезекте тұр: алматылықтар қалада жұқпалы аурулар тарап жатқанын байқады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар балалар арасында жұқпалы аурулар көбейіп, емханада орын табу қиындағанын айтып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Желі қолданушысы Алматыдағы емхананың қабылдау бөлімінде 50 адамнан кезек тұрғанын көрсетіп бейнежазба жариялады. Оның айтуынша, әсіресе ауру жұқтырған балалар көп.

— Ауырып жатқандар өте көп, әсіресе балалар. Көбінде белгілері бірдей: қызуы 39–40 °C-қа дейін көтеріледі, әрең түседі де, қайтадан көтеріліп кетеді. Біздің де баламыз ауырып жатыр, — деп жазды ол.

Аталған жазбаға Алматы қаласының Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы пікір білдірді. Медициналық мекеме мәліметінше, қалада ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуіне байланысты балаларды ауруханаға жатқызуға арналған төсек-орын саны ұлғайтылып жатыр. Емхана дүрбелең салуға негіз жоқ екенін атап өтті.

— Медициналық ұйымдар медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша 67 резервтік төсек-орын ашу қарастырылған. Осылайша, төсек-орын қоры 360-тан 427 орынға дейін артады, — делінген мекеме жауабында.

Эпидемиологиялық ахуал

Ал Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қазір мегаполистегі ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін мәлімдеді. Департамент жауабына сәйкес, бақылау деңгейінің көрсеткішінен аспайтын жыл сайынғы маусымдық өсу ғана байқалады.

— Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері грипптің расталған 25 жағдайы тіркелді. Зертханалық мониторинг нәтижелері бойынша қалада тұмау вирусының екі түрі, оның ішінде A/H1N1 және B типтері айналымда жүр. Сонымен қатар риновирус, парагрипп, РС-вирус, бокавирус және маусымдық коронавирус сияқты тұмауға жатпайтын басқа да ЖРВИ вирустары таралып жатыр. Жаңа белгісіз вирустар анықталған жоқ, — деді СЭБД өкілдері.

Сонымен қатар медициналық ұйымдарда бірқатар дайындық іс-шаралары жүргізілгені атап өтілді. Оның ішінде амбулаториялық-емханалық желіде үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар құрылып, ЖРВИ мен тұмау белгілері бар адамдарды қабылдауға арналған сүзгі кабинеттері ұйымдастырылған. 2026 жылғы 19 қарашадағы жағдай бойынша тұмауға қарсы барлығы 251 102 адам екпе алған, оның ішінде 248 780 адам «қауіп тобына» жатады.

Үйде не істеу қажет

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы желідегі парақшасында тұмау жұқтырған ата-аналарға не істеу керектігі туралы нұсқама берді:

  • Баланың тынығуын қамтамасыз ету.
  • Сұйықтықты аз мөлшерде, бірақ жиі беру.
  • Бөлмені үнемі желдетіп тұру.
  • Дене қызуы мен тыныс алуын бақылау.
  • Дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттарды бермеу.

— Өз бетіңізше емделмеу маңызды. ЖРВИ-дің әрбір жағдайы ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Госпитализациялау туралы шешімді дәрігер баланы қарап, жағдайын бағалағаннан кейін қабылдайды. Басты қағида: алғашқы белгілер байқалғанда — педиатрға, қауіпті белгілер болғанда — 103 нөміріне хабарласыңыз. Сондай-ақ Алматы қаласында медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша 1312 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады, — деп кеңес береді дәрігерлер.

Еске салайық, Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын жазғанбыз.