Бүгінгі таңда құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталған, 2010 жылдың шілдесінде зауыт пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Индустрия және жаңа технология вице-министрі Берік Қамалиевтің Ақтөбе облысына жасаған сапары барысында аралаған нысандардың алғашқыларының бірі «Ситал 2» болды.
«Кәсіпорын жаңа технологияларды қолдана отырып құрылған, көптеген өніімдер шығарады, жергілікті шикізатты қолдануы қуаныш ұялатады. «Ситал 2» елдің батыс аумағын түгел қамтып, Ресей нарығына да шығуды жоспарлауда, бірақ көп жұмыс істеу керек. Өзіндік құны нарықтағы бағаға жауап бере алу үшін, барлық нәрсе жобалаушылардың жұмысын ескере отырып жасалуы тиіс», - деп Б.Қамалиев жаңа кәсіпорынға жақсы баға берді.
Атап айтқанда, вице-министр кәсіпорынның тиімділігіне, өнімнің өзіндік бағасына және зауыттың құрылыс индустриясы қарқыны төмендеп отырған тұста құрылып отырғандығын айта келіп, өнімнің өткізілуіне назар аударды.
«Ситал 2» ЖШС директоры Анарбек Есетовтың айтуынша, өнімнің өтімділігіне, оның бірегейлігі, сондай-ақ таңдаудың көптігіне үміт мол. Еліміздің батыс өңірінде аталмыш өнім мүлдем жоқ, кәсіпорын қабырғалар мен жақтаулардан бастап, құрылыстың барлық түріне арнап кірпіш шығарады, тіпті бетон қабырғаларға қарағанда дыбыс өткізбейтін жоғары сапалы және бағасы да арзан қабатаралық құрылысқа арналған кірпіш шығару да жоспарланған. Зауыттың қуаттылығы жылына 30 млн. дана кірпіш. Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд. теңге.
«Жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шешілмеген проблемалары бар, бірақ олар уақытында шешімін тауып отыр. Ең бастысы саны емес, енгізілген нысандардың сапасы, олар ең заманауи технологияларды қолдана отырып, экспорт шығару бағыты бойынша жұмыс істеулері керек», - деді Б.Қамалиев.