Еңбек адамының құқығы қалай қорғалып жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде әр адам үшін еңбек жағдайы, кәсіби өсу мен қайта даярлау мүмкіндігі маңызды. Қазақстанда бұл бағытта не өзгерді және қандай тиімді қадамдар жасалып жатыр? Kazinform тілшісі тарқатты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Еңбекке көзқарас қандай?

2013 жылы жұмысшы мамандықтарға деген құрметті арттыру үшін Еңбек күні белгіленді. Кейін тақырыптың ауқымы кеңейіп, еңбекқорлық пен кәсібилік жауапты азаматтың негізгі қасиеттері ретінде қарастырыла бастады.

Бұл бағыттағы өзгерістердің бірі – 2023 жылы Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» ұғымын ұсынуы. Бір жылдан кейін «Жауапты адам – Адал еңбек – Берекелі табыс» формуласы енгізіліп, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды.

Кейін «Адал азамат» қағидаты ішкі саясаттың негізгі ұстанымдарының біріне айналып, еңбекқорлық пен кәсібилік жалпыұлттық құндылықтар қатарына қосылды. Осылайша еңбек тақырыбы қоғамдық құндылықтан нақты еңбек нарығының мәселелеріне ойысты.

Фото: Kazinform

Бүгінде елімізде 9,84 млн адам еңбек етеді. Оның 7,25 миллионы жалдамалы жұмыс істесе, 2,15 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Негізгі жұмыспен қамту салалары – сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы. Ал жұмысшы кәсіптерінде шамамен 3,3 млн адам еңбек етеді.

Бұл сандар жұмысшы мамандықтарының экономикадағы орнын көрсетеді. Бірақ еңбек нарығындағы басты мәселе – мамандар саны емес, олардың сұранысқа қаншалықты сай келетінінде.

Нарықтағы ахуал

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшы-кеңесшісі Камила Амуртаеваның айтуынша, мұнда еңбек жағдайы, табыс пен кәсіби өсу мүмкіндігі маңызды.

– Табыс деңгейі, жұмыспен қамтудың тұрақтылығы, еңбек жағдайы, кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндігі маңызды. Сонымен қатар біліктілік болашағы да барған сайын ерекше мәнге ие болып келеді. Яғни адам өз мамандығының бірнеше жылдан кейін де сұранысқа ие болатынын түсінуі керек, – деді ол.

Бұл ретте еңбек нарығында маман тапшылығы байқалады. Enbek.kz платформасында шілде айында 104,6 мың бос жұмыс орнына 141,2 мың түйіндеме жарияланса, тамызда 131,6 мың орынға 145,2 мың түйіндеме тіркелген. Министрлік мұны мамандық, біліктілік, өңір және еңбек жағдайына байланысты сәйкессіздікпен түсіндіреді.

Мәселен, тамызда электр желілерін пайдалану жөніндегі электрмонтерлерге арналған 195 бос орынға небәрі жеті түйіндеме түскен. Ал ғимараттарды кешенді күтіп-ұстау және жөндеу жұмысшыларына арналған 358 бос орынға 47 түйіндеме ғана тіркелген.

Фото: Kazinform

Маман тапшылығы алдағы жылдары да өзекті болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамынша, 2026–2035 жылдары экономикаға шамамен 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,46 миллионы жаңа жұмыс орындарына, 1,45 миллионы зейнетке шығатын және жұмыстан кететін қызметкерлердің орнын толтыруға қажет. Жалпы қажеттіліктің 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Сұраныс әсіресе білім беру, құрылыс, сауда, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібінде жоғары болмақ.

Жаңа кәсіптер мен жаңа талаптар

Нарықтағы сұраныспен қатар, мамандықтардың өзі де өзгеріп жатыр. 2026 жылғы ақпаннан бастап 940 жаңа және жаңартылған кәсіп енгізілген. Оның 100-і – жұмысшы мамандықтары. Ал Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласында 239 жаңа, 95 өзгеріп жатқан және 129 жойылып бара жатқан кәсіп көрсетілген.

Мамандықтар жаңарғанымен, олардың табыс деңгейі бірдей емес. Елдегі орташа жалақы 480 мың теңгеден асса, әлеуметтік салада көрсеткіш 360–385 мың теңге шамасында. Ал шикізат салаларында жалақы миллион теңгеге жуықтайды.

Бұл айырмашылық нарықтағы тағы бір маңызды мәселені көрсетеді. Тарқата айтқанда, мамандық таңдауда сұраныспен қатар табыс пен кәсіби перспективалар да ескеріледі.

Ал технологияның жылдам өзгеруі маманнан жаңа дағдыларды үнемі талап етеді. Заң ғылымдарының кандидаты Әсия Көмекованың пікірінше, бұл жауапкершілік тек жұмысшыға жүктелмеуі керек.

– Егер технологияның жаңаруы жұмыс берушінің өндірістік шешімі болса, қажетті қайта даярлауды ұйымдастыруға және қаржыландыруға оның да қатысуы орынды. Ал ауқымды құрылымдық өзгерістер кезінде мемлекет пен әлеуметтік әріптестердің қолдауы қажет, – деді сарапшы.

Жаңа Конституция: құқық қалай қорғалады?

Еңбек адамының құқығы әрдайым маңызды. Қазақстанның Еңбек кодексі қауіпсіз еңбек жағдайына, еңбекақы алуға және демалуға құқықты, сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеуді көздейді. Биылғы өзгерістерден кейін қызметкердің еңбек саласында құрметке ие болу, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау құқығы да нақтыланды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтті.

– Жоғары нәтиже көрсеткен адамға ерекше ынталандыру шаралары қолданылуы мүмкін. Алайда қауіпсіз еңбек, демалыс және құрметпен қарым-қатынас жасау құқығы адамның жетістігіне байланысты болмауы керек, – деді сарапшы.

Еңбек құқығын қорғау жеке қызметкердің ғана міндеті емес. Жалақы, қосымша кепілдіктер, оқыту, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайы сияқты мәселелерді ұжым өз өкілдері, кәсіподақтар мен ұжымдық шарт арқылы шеше алады.

Бұл бағытта әлеуметтік әріптестіктің маңызы артып келеді. 2026 жылғы қаңтарда Астанада Халықаралық еңбек ұйымының қатысуымен мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмысшылар өкілдерінің үшжақты дөңгелек үстелі өтті. Ұжымдық еңбек дауларына қатысты түзетулер ХЕҰ-ға сараптамалық бағалауға жолданды. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестік туралы жеке заң қабылдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Әлеуметтік әріптестіктің нақты тетіктерінің бірі – ұжымдық шарт. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша елде 19 683 ұжымдық шарт цифрландырылған. Дегенмен олардың тиімділігі жұмысшыларға қандай кепілдік беріп, сол міндеттемелердің қаншалықты орындалатынымен өлшенеді.

Еңбекке көзқарас мектептен қалыптаса ма?

Еңбек адамының болашағы мамандық таңдаған сәттен қалыптасады. Бұл бағытта 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында еңбек тәрбиесі мен кәсіби бағдар беруді қамтитын «Адал азамат» бағдарламасы іске қосылды.

Мектептерде кәсіби бағдар беретін педагогтер жұмыс істейді, бейіндік сыныптар мен алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін жобалар дамып келеді. 2025–2026 оқу жылында колледждерге 189 мың адам қабылданды. Оның 145 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға түскен. Мемлекеттік тапсырыстың шамамен 70 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінсе, дуалды оқыту жүйесімен 108 мың студент қамтылды.

Фото: Kazinform

Алайда бағдарламалардың нәтижесін олардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшы-кеңесшісі Камила Амуртаеваның айтуынша, басты көрсеткіш – жастар мен ата-аналардың мамандық таңдаудағы көзқарасының өзгеруі.

– Адамның еңбек саласындағы мәртебесі шын мәнінде артты деп мамандық таңдаудағы күнделікті көзқарас өзгерген кезде айтуға болады. Болашақ маман өзіне қандай кәсіп таңдайды, ата-ана баласына қандай мамандықты лайық көреді, адам өз ісін қаншалықты мақтан тұтады және онда кәсіби өсу мүмкіндігін көре ме – маңыздысы осы, – деді ол.

Еңбек адамының мәртебесі неден көрінеді?

Еңбек адамының мәртебесі күнделікті жұмыс жағдайынан көрінеді. Бұл – лайықты табыс, қауіпсіз еңбек, әлеуметтік кепілдік, кәсіби дамуға және өз құқығын қорғауға деген мүмкіндік.

Жұмыс беруші үшін бұл – жалақыны уақытылы төлеу, қауіпсіз жағдай жасау және қызметкердің кәсіби өсуіне жағдай қалыптастыру. Мемлекет үшін – еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлау және еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.

Ал мамандықтың беделі адам сол кәсіп арқылы тұрақты жұмысқа, лайықты табысқа және кәсіби болашаққа жол таба алғанда қалыптасады.