«Еңбек» кәсіпорнының басшылары ұсталды ма: ҰҚК жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылары ұсталды деген ақпарат тарағаннан кейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын растады.

Фото: ҚР ҰҚК

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында өзге қызметтермен қатар сотталғандарды тамақпен қамтамасыз етумен айналысатын «Еңбек» кәсіпорнының басшылары ұсталғаны туралы хабар тараған еді.

ҰҚК Kazinform редакциясының ресми сауалына берген жауабында тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген комитеттің жауабында.

Алайда ҰҚК тергеудің кімге қатысты жүргізіліп жатқанын нақтыламады. Кәсіпорын басшыларының ұсталғаны туралы ақпаратқа да түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Kazinform 2025 жылдың қаңтарында «Еңбек» РМК бас директорының орынбасары мен кәсіпорынның құрылыс басқармасының бастығы кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлаған еді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, олар мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою және сол жұмыстардың ақысын төлеу үшін пара алған. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды.

Биыл қыркүйекте Павлодар облысының прокуратурасы сотталғандарды жалған жұмысқа орналастырудың 289 дерегін анықтады. Тиісті бұйрықтарды «Еңбек-Павлодар» филиалы рәсімдеген. Тексеру нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, «Еңбек» РМК – еліміздің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі негізгі жұмыс берушілердің бірі. Кәсіпорын сотталғандарды тамақпен қамтамасыз етеді, өнім өндіреді, құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, өзге де қызмет түрлерімен айналысады. 2025 жылдың наурызындағы ашық дерекке сәйкес, еліміздің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 12 мыңға жуық сотталған адам жұмыспен қамтылған.