Еңбек кітапшасында қате кетсе, еңбек өтілін қалай растауға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек кітапшасында қате кетсе, мөр басылмаса немесе кейбір мәліметтер дұрыс толтырылмаса, еңбек өтілін архив анықтамасы немесе сот арқылы растауға болады.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов айтты.

Оның айтуынша, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі зейнетақы тағайындау кезінде еңбек кітапшасы арқылы есепке алынады. Сондай-ақ базалық зейнетақыны есептегенде міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер де ескеріледі.

– Егер еңбек кітапшасында қате кетсе, түзету болса немесе қажетті жазбалар болмаса, азамат еңбек өтілін басқа құжаттармен растауы керек, – деді Асқар Аймағамбетов.

Спикердің айтуынша, еңбек кітапшасын толтыру кезінде кадр қызметкерлері қателесіп кетуі мүмкін. Мысалы, бұйрықтың нөмірі немесе күні жазылмай қалады, ұйымның мөрі қойылмайды немесе мөр анық басылмайды.

Мұндай жағдайда еңбек өтілін архивтен алынған анықтамамен растауға болады. Ал егер құжаттағы қателерді басқа жолмен дәлелдеу мүмкін болмаса, еңбек өтілі сот арқылы анықталады.

Сондай-ақ Қазақстанда қағаз еңбек кітапшаларынан біртіндеп бас тартып, еңбек қызметінің есебін толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр.

Бұған дейін Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдегені жөнінде жаздық.