Еңбек министрі: Әлеуметтік төлемді нақтылау — бюджетті үнемдеу емес

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік төлем алушыларды санаттарға бөлу бюджет қаражатын үнемдеуді емес, мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмекті арттыруды көздейді. Бұл пікірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Министрдің айтуынша, жаңа әдістеме әлеуметтік қолдауды шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағыттауға және оларға қажетті көмекті толық көлемде, уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.

— Мұның бюджетке еш қатысы жоқ. Бұл — Әлеуметтік кодекс аясында мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмектің атаулылығын күшейтуге бағытталған жұмыс. Әрбір мұқтаж азаматқа мемлекеттік қолдау көрсетіп, дер кезінде толыққанды көмек беруді көздеп отырмыз. Бұл үшін бюджет қаражаты жеткілікті, — деді Асқарбек Ертаев.

Оның сөзінше, әлеуметтік төлем алушылардың әл-ауқатын бағалау халықаралық сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленген. Еңбек министрлігі 2023 жылға дейін БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеген.

— Қазір А санатында 77 мың адам, В санатында 475 мың адам барлығымен бірдей әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Жалпы 3,2 млн адам әлеуметтік төлем алса, солардың 550 мыңы А және В санаттарына жатқызылған. Қалған 2,7 млн-ға жуық адам С, D және E санаттарына кіреді. Алдағы уақытта осы санаттардағы азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту жолдарын қарастырамыз, — деді Асқарбек Ертаев.

Еске сала кетсек, енді ер адам декретке шықса да, жәрдемақы әйелге беріледі.

Баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан аналардың жәрдемақысы сақталады.

Бұл ретте жалпы 36 жәрдемақының 22-сі өзгеріссіз қалады.