22 жәрдемақыға реформа жүргізілмейді – қай төлемдер өзгеріссіз қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру аясында барлық жәрдемақы өзгеріп кетпейді. Төлемдердің 22 түрі бұрынғы тәртіппен сақталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтып берді.

жәрдемақы
Фото: Еңбекмині

Республикалық бюджеттен төленетін 36 әлеуметтік төлемнің 22-сі бұрынғы тәртіппен сақталады.

– Оның ішінде ядролық сынақтар мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға берілетін төлемдер бар. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарға және мүгедектігі бар адамдардың жекелеген санаттарына арналған төлемдер бұрынғыша сақталады, – деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұл төлемдер үшін үй шаруашылығының әл-ауқат деңгейі ескерілмейді.

Министрдің айтуынша, жаңа тәсілдің мақсаты – әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны нақты мұқтаж адамдарға әділ әрі атаулы түрде бағыттау.

14 төлем бойынша мұқтаждық деңгейін бағалау енгізіледі. Шектеулер А және В санатындағы әл-ауқаты жоғары отбасыларға қатысты қолданылады.

Орта тап пен әлеуметтік осал отбасылар мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды. Ал ерекше қорғауға алынған санаттар үшін қолданыстағы кепілдіктер сақталады.

– Отбасының цифрлық картасы бірыңғай критерий қолдануды, отбасылардың әл-ауқатын тұрақты түрде қайта бағалауды және жағдайы нашарлаған кезде төлемдерді алу құқығын қалпына келтіруді қамтамасыз етеді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бұған дейін А. Ертаев бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайтынын айтқан еді.

Ал жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.