Еңбек министрлігі «Қазцинктегі» жарылысқа не себеп болуы мүмкін екенін атады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев «Қазцинк» зауытындағы жарылысқа не себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, қазір кәсіпорында мемлекеттік еңбек инспекциясы және төтенше жағдайлар органдарының бірлескен тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

- Қазір бұл жағдайдың нақты себебін анықтап жатырмыз, яғни қауіпсіздік шараларын сақтамау немесе адамның қауіпсіздік шараларын білмеуі, кәсіпорында технологиялық ақау немесе ескірген жабдықты ауыстырмау сияқты нұсқалар тексеріліп жатыр. Себебін анықтаймыз және одан кейін жауаптылар жазаға тартылады, - деді Е. Тұяқбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сондай-ақ вице-министрге кәсіпорындағы еңбек жағдайы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша соңғы рет қашан тексеру болғаны туралы сұрақ қойылды.

— Ірі кәсіпорындардың барлығы тәуекелі жоғары аймаққа кіреді. Сондықтан жыл сайын профилактикалық қадағалау жүргіземіз. Былтыр және оның алдындағы жылы «Қазцинк» пен басқа да ірі кәсіпорындардың қызметіне тексеру болды. Тиісті нұсқаулар уақытылы орындалды», - деді вице-министр.

Еске салсақ, бұған дейін Өскемендегі кәсіпорында жарылыс болғаны хабарланған.

Соның салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шекті.

Жарылысқа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады