«Еңбек» РМК Ақтөбе филиалының лауазымды қызметкері пара алды деген күдікке ілінді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ҚАЖК «Еңбек» РМК «Еңбек-Ақтөбе» филиалы директорының міндетін атқарушы сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖКД жеке қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, ҚР ІІМ ҚАЖК «Еңбек» ШЖҚ РМК «Еңбек-Ақтөбе» филиалы директорының міндетін атқарушыға қатысты тергеуді бастады.

«Ол Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы саябақты абаттандыруға бюджет қаражатын аудару кезінде жалпы қамқорлығы үшін жеке кәсіпкердің өкілінен 700 мың теңге сомасында қаражат алғаны үшін күдікті болды. Күдіктінің және оның қорғаушысының міндеттеме беруіне және кінәсін мойындауына байланысты ол қамалған жоқ» делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Күдіктінің кінәсіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.