Енді Миланда өтетін қысқы Олимпиадаға дайындаламыз - Шерзод Хаширбаев

Фото: Фото: Нұрғали Жұмағазы

ЯБУЛИ.KAZINFORM – Фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Харбин қысқы Азия ойындарының алтын медаль иегері Шерзод Хаширбаев марапаттау рәсімінен кейін Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, өз әсерімен бөлісті.

Спортшының айтуынша, жарыс алаңының сапасы өте жақсы болған.

– Көңіл күй өте тамаша. Жалпы жарыс ойдағыдай өтті. Бұл жердің ауа райы және қардың сапасы көңілімізден шықты,- деді ол.

Ол сонымен қатар қолдау бірген барша қазақстандықтарға алғыс айтып, алдағы жоспарлары туралы әңгімелеп берді.

– Басты мақсат - 2026 жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындары. Жалғасты жаттығуды жалғастырып, Олимпиада ойындарына жолдама алуға бар күшімізді саламыз,- дейді Шерзод.

Айта кетейік, фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасы Харбин қысқы Азия ойындарында ел қоржынына төрт медаль сыйлады. Олардың қатарында, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов фристайл-акробатикадан ерлер арасында синхронды секіру сынында 97.92 ұпай жинап, ел қоржынына екінші алтын медаль сыйлады.

Сонымен қатар, қазақстандық қыздар Ардана Маханова және Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан әйелдер арасында синхронды секіру сынында 59.16 ұпай жинап, үшінші орынан көрінді.

Аралас командалық сында, отандастарымыз 235.39 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. 

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Аяна Жолдас қысқы Азиа ойындарының әйелдер арасында фристайл-акробатика сынында үшінші болған еді. 

Сондай-ақ, Фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Бағлан Іңкәрбек Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.