Енді жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыру мүмкіндігі іске қосылды. Әзірге пилоттық жоба Астанада тіркелген азаматтарға қолжетімді. Емтиханды үйден шықпай-ақ компьютер арқылы тапсыруға болады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәлім етті.

Фото: Kazinform\ЖИ

Тестілеуді үйден шықпай-ақ ноутбук немесе дербес компьютер арқылы тапсыруға болады.
Жаңа қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» — «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» бөлімі арқылы қолжетімді. Алғашқы кезеңде жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып, тұрғылықты жері бойынша Астана қаласында тіркелген азаматтарға ұсынылады.

Өтінім бермес бұрын жүйе үміткердің белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер:

  • Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуы;
  • бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
  • көлік құралын басқару құқығынан айырылмаған болуы;
  • автомектепті аяқтағаны туралы қолданыстағы куәлігі болуы;
  • жарамды медициналық анықтамасы болуы;
  • диспансерлік есепте тұрмауы қажет.

Қызметті алу үшін:

  • eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөліміне кіріп, «Теорияны онлайн тапсыру» қызметін таңдау;
  • жүргізуші куәлігінің тиісті санатын көрсету;
    1414 нөмірінен келетін SMS арқылы дербес деректерге қол жеткізуге келісім беру;
    қызмет ақысын төлеу;
  • eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алу қажет. Тестілеу сілтемесі дербес компьютер арқылы ашылады және төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды болады.

Назар аударыңыз: емтиханға арналған жеке сілтеме тек өтінім берген азаматқа тиесілі және оны басқа адамдар пайдалана алмайды. Өтінім беруден бастап емтиханды аяқтауға дейінгі барлық кезеңде сәйкестендіру және бақылау құралдары арқылы рәсімнің өту барысы қадағаланады. Жүйедегі барлық әрекеттер мен оқиғалар тіркеліп отырады. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, тестілеуден заңсыз өту әрекеттерін анықтауға мүмкіндік береді.

— Теориялық емтиханды онлайн тапсыру мүмкіндігінің іске қосылуы — мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және олардың азаматтар үшін қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа формат үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен қашықтан өтіп, уақытын үнемдеуге және ХҚКО-ға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ХҚКО-ларда емтихан тапсырудың дәстүрлі форматы сақталады. Әр азамат өзіне ыңғайлы тәсілді таңдай алады. Алғашқы кезеңде теориялық емтиханды онлайн тапсыру қызметі пилоттық режимде жүзеге асырылып, Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтарға қолжетімді болады, — деп ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин атап өтті.

Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оны орындауға 40 минут беріледі. Емтиханды күн сайын с. 09:00–ден 20:00–ге дейін тапсыруға болады. Емтиханды с. 19:20–дан кешіктірмей бастау қажет. Емтиханнан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Бір рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Егер үміткер қажетті балл жинай алмаса, келесі әрекетті келесі күннен бастап жасай алады.

Емтихан басталар алдында үміткер түстерді ажырату қабілетін (дальтонизмді) анықтауға арналған тесттен де өтеді. Тестілеу аяқталғаннан кейін нәтиже бірден көрсетіледі: дұрыс жауаптардың санымен бірге «Тапсырды» немесе «Тапсырмады» деген белгі шығады. Бұған дейін тапсырылған емтихандардың тарихы «Менің өтінімдерім» бөлімінде сақталады.

Емтиханның ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар арнайы ExamApp қосымшасы қолданылады. Тестілеу кезінде бейнежазба, аудиобақылау және экранды жазу жүргізіледі. Емтихан басталмас бұрын жүйе үміткердің жеке басын оның фотосуретін профильдегі суретпен салыстыру арқылы сәйкестендіреді.

Сонымен қатар екінші камера ретінде смартфонды пайдалану қажет. Оны үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір тұсына орналастыру керек. Камера кадрына емтихан тапсырушының өзі, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық көрінуі тиіс. Тестілеу басталар алдында үміткер бөлмені камераға көрсетеді.

Жүйе құрылғыда пайдалануға тыйым салынған бағдарламалардың, виртуалды машиналардың, қашықтан қол жеткізу құралдарының, қосымша мониторлардың, VPN және Proxy сервистерінің бар-жоғын да тексереді. Емтихан терезесі толық экран режимінде ашылып, басқа терезелерге ауысу бұғатталады. Ықтимал заңбұзушылықтардың барлығы жүйе арқылы автоматты түрде тіркеледі, содан кейін нәтижелерді уәкілетті тұлға қарайды.

Онлайн емтихан тапсыру үшін құрылғы мынадай техникалық талаптарға сай болуы керек:

  • Windows 7 және одан жоғары операциялық жүйесі немесе macOS (Intel не Apple Silicon) орнатылған ноутбук немесе дербес компьютер;
  • камерасы жұмыс істейтін мобильді телефон;
  • жұмыс істеп тұрған веб-камера мен микрофон;
  • тұрақты интернет байланысы;
  • Google Chrome браузері (ұсынылады).

Назар аударыңыз: емтиханды мобильді телефон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыру мүмкіндігі қарастырылмаған.

Теориялық емтиханды онлайн форматта сәтті тапсырған азаматтар келесі кезеңге, яғни көлік жүргізу бойынша практикалық емтиханға әдеттегі тәртіппен өте алады. Ол үшін «ХҚКО» қосымшасы арқылы практикалық емтиханға жазылу немесе жақын маңдағы мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіну қажет.

Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін қосымшада қолдау көрсету чаты да қарастырылған. Алдымен сұрақтарға виртуалды көмекші жауап береді, қажет болған жағдайда әңгімеге оператор қосылады. Техникалық мәселелер бойынша pdd_support@goscorp.kz электрондық поштасына да хабарласуға болады. Ал жалпы сұрақтар бойынша азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.

Аталған қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, ҚР Ішкі істер министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.

Айта кетейік, бұған дейін жүргізуші куәлігіне емтиханға eGov арқылы жазылуға болатынын жаздық.