Министр «Қашағанда» мұнайдың төгілу ықтималдығына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнында мұнай төгілгені туралы дерек әлі расталған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Фото: primeminister.kz

«Қашағандағы теңіз кешенін пайдалану кезінде осыған дейін мұнай төгілмеді. Сондықтан қазір таралған ақпарат тексеріліп жатыр, яғни ғарыштық мониторингтен келген суретке талдау жасалуда. Суреттегі бейне табиғи құбылыс ретінде көрініп тұр. Қазір сол аумақта су сынамалары алынып жатыр. Әзірге, мұнайдың төгілгені расталмады. Ол жерде де экологтардың жұмысы жалғасады. Жалпы, тиісті комиссияның жұмысы жалғасып жатыр», - деді министр Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, қажет болған жағдайда мамандар сол аумақты тікұшақ арқылы зерттейді.

«Қазір су көлігімен тексеру жүріп жатыр. Себебі судан сынама алу үшін қайықпен жүрген ыңғайлы», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, жақында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнының аумағында мұнайға ұқсас дақ байқалған. 

Атыраудағы «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының төрайымы Галина Чернованың ақпаратына қарағанда, Каспий теңізінде мұнайдың төгілгені анықталған. Ол бұл деректі еуропалық Sentinel-1A спутнигінің 30 наурыздағы радарлық суретіне сүйеніп, әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.

«Қашағанда» мұнай төгілгені расталса, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. 

Каспийдегі «Қашаған» кен орнында мұнайдың төгілгені анықталмағанын жазған болатынбыз.