Энергетика министрі Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жергілікті қазандықтардың, орталық қазандықтың, сондай-ақ Саран қаласының жылу желілері мен әлеуметтік нысандарының жағдайын тексерді. Сондай-ақ, министр жедел штаб отырысын өткізді.
Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді.
«Үкімет комиссиясы, энергетика министрлігі, атом энергетикасын қадағалау комитеті басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Саран қаласының барлық маңызды жылумен жабдықтау нысандарын аралап шықты. Барлық негізгі қазандықтарды аралап, жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жылумен жабдықтаудың резервтік схемасы іске қосылды. Премьер-Министр белгілеген мерзімдер министрліктің бақылауында», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Қазіргі уақытта мамандар тобы жаңа қазандықтың апаттық режимін қосу себептерін анықтауда. Комиссия нысанды іске қосу кезінде қандай проблема болғанын егжей-тегжейлі зерттейтін болады.
«Нысан уақтылы пайдалануға берілмеді. Осыған байланысты, әкімдік жылумен жабдықтаудың резервтік схемасын жедел іске қосып, шағын қазандықтардың жұмысы қайта қалпына келтірілуде. Жылу желілеріне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір нысандарда қазіргі уақытта жылу бар. Түнге дейін бұл жұмысты белгіленген режимдерге сәйкес, белгіленген кестелерге сәйкес қосылуын бақылауда ұстайтын боламыз», — деп толықтырды энергетика министрі.
Мердігердің айтуынша, нысанды іске қосуға көмектесетін мамандар тобын жұмылдырмақ. Жақын арада қосымша мамандардың келуін күтіп отыр. Алмасадам Сәтқалиев жаңа жылу көзі іске қосылмай қалуының алдын ала себептерін атады.
«Мұнда бірқатар факторлардың жиынтығы бар№ Біріншісі — автоматика режимі апаттың объективті режимін көрсетуде. Дөңгелек сорғылардың жұмысында проблема бар, қазандықтың жұмысында ақау бар, төмен қайнаған қабаттың жұмысына тікелей байланысты проблема бар. Бірақ мәселені анықтайтын комиссия ғана объективті қорытынды жасай алады. Қазір мұның бәрі қалпына келтірілуде, жөндеу бригадалары жұмыс істеуде. Біз түпкілікті қорытынды жасаймыз. Бірақ соған қарамастан іске қосу-баптау жұмыстары жалғасатын болады. Станция жұмыс істейді. Олар тек бірінші ғана емес, екінші қазандықты да іске қосуды жоспарлап отыр», — дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Тұрғындардың көпшілігінде жергілікті қазандықтардың қуаттылығына қатысты сұрақтар мен алаңдаушылықты сейілті мақсатында барлық шағын қазандықтар тексерілді.
«Қазандықтарға арнайы бардық. Бөлшектелген қазандықтар болды. Қазір олар жұмысын қалпына келтіруде. Әзірге температура режимі оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Бір жерде 2, басқа жерде 3 қазандық, тағы бір жерде 5 қазандық жұмыс істер тұр. Қазір бұл қазандықтар орнатылуда. Қосымша жаңа қазандықтарға тапсырыс берілді, яғни суық түскенге дейін әкімдіктің жұмыс жоспарына сәйкес осы қосымша қазандықтар орнатылады», — деп сендірді Энергетика министрі.
Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр бұл жағдайдың орын алуына жол берген адамдар жазаланатынын айтты. Әзірге бұл оқиғаға кім жауапты болатыны белгісіз. Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, комиссия жеткілікті түрде егжей-тегжейлі жұмыс істейтін болады және олар барлық кезеңді, апаттың барлық уақытын қадағалайды. Сондай-ақ, қызметкерлердің әрекеті және жылу көзінің апаттық тоқтауынан бұрын қабылданға шешімдер анықталады. Қыс мезгіліне дайындық бойынша жедел штаб жұмысының хаттамаларын зерделегеннен кейін объективті көрініс ұсынылады, дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымдана бастаған. Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.