Энергетика министрі Қарағанды облысының жылыту маусымына дайындығын тексерді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау 93,3% құрады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болатов Ақшолақовтың Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында негізгі энергия көздері – Қарағанды ЖЭО-3, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2, «Топар негізгі тарату энергостанциясы». Жұмыс сапары барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов облыс басшылығымен бірге осы нысандарды аралап көрді.

Берілген есепке сәйкес, биылғы жылдың сегіз айында Қарағанды облысы бойынша 7,3 млрд кВтс электр энергиясы өндірілген. Жылумен жабдықтаудың негізгі көздері болып табылатын ЖЭО-3 және ЖЭО-2 биыл 1,8 мың Гкал/сағ қуат өндірген.

Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық науқаны штаттық режимде өтуде. Күзгі-қысқы кезеңге барлығы 7 энергия көзі және 685 жергілікті жылу көздері, 569 бірлік шағын электр станциялары, 2116 км инженерлік желілер, 1126 әлеуметтік сала нысандары және 5 598 тұрғын үйдің негізгі және қосалқы жабдықтары дайындалатын болады. Бүгінгі күні жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау орташа есеппен 93,3% құрайды.

Сонымен қатар өңірде жаңартылатын көздер технологиясын қолдану арқылы энергия өндірісі белсенді дамуда. Қарағанды облысында жалпы қуаты 218,7 МВт ЖЭК 7 объектісі бар, оның ішінде қуаты 216 МВт 4 күн электр станциясы және қуаты 2 МВт 2 биоэлектр станциясы, қуаты 0,6 МВт 1 су электр станциясы бар.