Энергетика министрінің коммуналдық шығыны қанша теңге

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов коммуналдық қызметтерге қанша теңге жұмсайтынын айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Шамамен 73-75 мың теңге төлеймін. Highvill тұрғын үй кешенінде тұрып жатырмын және ай сайын осы сома шамасында коммуналдық қызметтерге төлем жасаймын. Дегенмен, бұл сомаға интернет пен жалға алып отырған бір паркингтің төлемақысы кірмейді, — деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол ай сайын қанша жалақы алатынын айтты.

— Жалақым шамамен 1 млн 200 теңгені құрайды. Бұл мемлекет маған төлейтін айлық, — деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында жылу беру маусымының барысы мен жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Алқалы жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылуға қатысты тұрғындардан шағым көп түскен өңірлерді атады.