Энергетикалық нысандарды түбегейлі жаңғырту іске асады — бірлескен отырыс

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайтуға қатысты пікір айтты.

Фото: Ақорда

— Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да негізгі тірегі саналады. Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

— Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз «әрлеу, яғни жөндеу» тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысан мен жүйелерді түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізіледі, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алдында қандай міндет тұрғанын атады.