Энергия үнемдеу саласында жауапкершілік күшейтіледі — Құрылтай

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында энергия үнемдеуге қатысты заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Фото: Kazinform

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарады.

Түзетулер энергия тиімді көппәтерлі тұрғын үй ұғымын нақтылау, Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ақпараттың дұрыс, толық әрі уақтылы ұсынылуына мемлекеттік бақылау енгізу, сондай-ақ жергілікті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы құзыретін кеңейтуге көзделген.

Бұдан бөлек, бюджеттік ұйымдарда энергия тұтыну мониторингінің қағидаларын енгізу және энергия тұтыну нормативтерін сақтамайтын бюджеттік ұйымдарды тиісті субъектілер тізбесіне енгізу көзделген.

— Жаһандық энергетикалық өзгерістер, электр энергиясын өндіру қуаттарының тапшылығы және энергетикалық инфрақұрылымның айтарлықтай тозуы жағдайында энергияны үнемдеу ерекше маңызға ие болады. Бүгінде бұл тек экологиялық басымдық қана емес, сонымен қатар мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі шешуші фактор, — деді депутат Арман Қалықов.

Сонымен қатар, энергетикалық ресурстарды түпкілікті тұтыну көлемінің өсу үрдісі сақталып отыр: 2025 жылы бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 10,8%-ға артты. Энергетикалық ресурстарды негізгі тұтынушылардың бірі — ғимараттар, яғни мемлекеттік, коммерциялық және тұрғын үй нысандарын қамтитын сектор.

Оның айтуынша, энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы қолданыстағы заңы 2012 жылы қабылданған және ол негізінен ірі өнеркәсіптік әрі энергетикалық кәсіпорындарға бағытталған. Бұл ретте, қолданыстағы реттеу тетіктері бюджеттік секторды жеткілікті немесе жүйелі түрде қамтымаған.

Заң жобалары негізгі бағыттарды қамтиды. Біріншіден, мемлекеттік энергетикалық тізілім тетігін жетілдіру ескерілген.

— Энергияны үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу шараларын бюджеттік секторға, соның ішінде мектептерге, ауруханаларға және балабақшаларға қатысты кеңейту ұсынылады. Осы орайда энергиялық мониторинг жүргізуді және энергиялық қызметтерді ұсынуды дамыту ескерілген, — деді депутат.

Мұнымен қоса құжатта энергиялық қызметтер нарығын дамыту қарастырылған. Бұл тұрғыда энергиялық қызмет көрсету шарттарын реттеуді жетілдіру ұсынылды. Бұл шара қолданыстағы кедергілерді жоюды, энергиялық қызмет көрсететін компанияларды іріктеу рәсімдерін жеңілдетуді, сондай-ақ бюджеттік және квазимемлекеттік секторлардағы энергия тиімділігі жобаларына жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасауды қамтиды. Аталған өзгерістерді енгізу мемлекеттік ғимараттарда энергия үнемдеуші технологияларды кеңінен қолдануға, температуралық нормативтердің сақталуын қамтамасыз етуге, энергия ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалануға ықпал ете отырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Ал екінші заң жобасы әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

— Ұсынылған заң жобаларын қабылдау мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге, өнеркәсіпте және бюджеттік секторда энергия үнемдейтін технологияларды қолдануды кеңейтуге, энергетикалық сервистер нарығын дамытуға жағдай жасауға және түптеп келгенде, еліміздің энергетикалық ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Арман Қалықов.

Энергетикалық аудиттің сапасы артады

Құрылтайдың жалпы отырысында депутаты Бекжан Әлімқұлов заң жобасының жекелеген нормаларына тоқталды. Біріншіден, уәкілетті органға энергиясервистік шарттарды жоспарлау және іске асыру қағидаларын бекіту бойынша құзырет беру ұсынылады. Бұл тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

— Екіншіден, энергия тұтынудың тереңдетілген мониторингіне жататын объектілердің тізбесін кеңейту, содан кейін энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар беру көзделіп отыр, сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ұсынылатын ақпараттың анықтығына, толықтығына және уақтылы берілуіне мемлекеттік бақылау енгізу көзделген. Бұл шаралар тізілімге енгізілген барлық субъектілерді бақылаумен қамтуға және құқық бұзушылықтарды анықтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, энергия аудитін жүргізетін ұйымдардың меншік құқығында қажетті жабдық болуына қатысты талаптарды күшейту көзделеді. Бұл шара энергетикалық аудиттің сапасы мен объективтілігін арттыруға, сондай-ақ объектілердің энергия тиімділігін бағалау кезінде формальды тәсілге жол бермеуге бағытталған, — деді депутат.

Оның айтуныша, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында коммерциялық емес ұйымдардың энергия тұтыну нормативтерінен асып кетуі, қажетті қорытындылар мен энергия үнемдеу жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарларының болмауы, Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ақпарат ұсыну талаптары мен мерзімдерін бұзуы, сондай-ақ энергетикалық ресурстар мен суды жыл сайын тұтынуды төмендету бойынша белгіленген талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу ұсынылады.

— Аталған шараларды енгізу ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың энергия үнемдеу саласындағы заңнама талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін арттыруға, құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және оларды жоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобына 110-нан астам түзетулер келіп түсті, — деді Бекжан Әлімқұлов.

Бұған дейін отандық ғалымдар электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдейтін технология әзірлегенін жазған едік.