Энергокәсіпорындар қызметкерлерінің штаттық саны нормативтері жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы, Энергетика, Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері энергетикадағы персонал санының нормативтерін жаңартып, өндірістік процестер мен жабдық ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпорындардың кадрларға нақты қажеттілігін бағалап жатыр.

Фото: Энергетика министрлігі

Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізіп жатқан зерттеу жабдыққа қызмет көрсетуге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және энергетикалық инфрақұрылымның сенімді жұмысын қамтамасыз етуге қанша маман қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу үшін Астанадағы, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы, сондай-ақ Екібастұздағы пилоттық алаңдар таңдалды. 20 қазаннан бастап институт мамандары «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-сінде хронометраждық бақылаулар жүргізіп жатыр.

Олар өндірістік операциялардың ұзақтығын тіркеп, қызметкерлердің функцияларын зерделейді, жұмыс уақытын фотографиялайды және қызметкерлерден сұхбат алады. Талдау басқару қалқандарындағы және тікелей жабдық жанындағы жұмысты қамтиды. Алынған деректер нақты жүктемені ескере отырып, қызметкерлердің нормативтік санын анықтауға көмектеседі.

Нормативтерді әзірлеу кезінде кәсіпорынның ауқымы, жабдық құрамы, отын түрі, автоматтандыру деңгейі, электр және жылу желілерінің ұзындығы мен тығыздығы ескеріледі. Бұл формалды тәсілден аулақ болуға және нақты объектілердің жұмыс жағдайларына сәйкес талаптарды қолдануға мүмкіндік береді.

ҚЭҚ Төрағасы Талғат Темірханов энергетикалық инфрақұрылым дамыған сайын білікті кадрларға деген қажеттілік арта беретінін атап өтті.

— Президент Жолдауында инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойды. 2027 жыл Құрылыс жылы деп жарияланды. Демек, білікті мамандарға деген қажеттілік арта түседі. Бұл энергетика үшін ерекше өзекті: жаңа электр станциялары мен желілерді салу, қолданыстағыларын жаңғырту алда тұр. Нысандарды пайдалануға беріп қана қоймай, олардың әрі қарай сенімді қызмет етуін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан салаға қанша маман қажет болатынын бүгіннен бастап білуіміз керек. Үлгілік нормативтерді әзірлеу осы қажеттілікті объективті деректер негізінде бағалауға және энергетикалық кәсіпорындарды кадрмен қамтамасыз етуді жоспарлауға мүмкіндік береді — деді Талғат Темірханов.

Пилоттық объектілер қатарына «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-1, ЖЭО-2 және аудандық қазандықтары, Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3, Степногор ЖЭО-сы және Екібастұз МАЭС-1 енді. Зерттеуге сондай-ақ «Астана-РЭК» АҚ, «Ақмола Электржелілік Үлестіру Компаниясы» АҚ және «Қарағанды Жарық» ЖШС қатысып отыр.

Энергетика министрлігі мәліметінше, зерттеудің далалық кезеңі 2026 жылғы желтоқсанның басына дейін жалғасады. Нормативтерді өзектендіруді 2027 жылғы ақпанда аяқтау жоспарланған.

Жаңартылған нормативтер қажетті штат санын айқындауға негіз болып, жабдыққа тиісінше қызмет көрсетуге, жөндеу сапасына және энергиямен жабдықтаудың сенімділігіне ықпал етеді.

Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында электр энергиясымен қамту мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық тәуелсіздік елдің бәсекеге қабілеті мен экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші фактордың бірі деп атаған. Осы орайда қазіргі ахуалға шолу жасап көрген едік.