Ердоған БҰҰ мінберінен әлем елдерін Палестинаны мойындауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Палестина мемлекетін әлі мойындамаған елдерді өз шешімін қайта қарауға шақырды. Бұл туралы ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу агенттігі .

Фото: Анадолу

– Бүгінде Палестина мемлекетін әлі мойындамаған барлық елдерді өз шешімін қайта қарауға шақырамын, – деді Түркия басшысы.

Ердоған Палестина президенті Махмұд Аббастың БҰҰ отырысына қатыса алмағанына қарамастан, Түркия бұған дейінгі жылдағыдай Палестинаның еркіндігі мен егемендігін қорғауды жалғастыратынын айтты. Ол 1967 жылғы шекара негізінде, астанасы Шығыс Иерусалим болатын Палестина мемлекеті құрылатын күнді асыға күтетінін жеткізді.

Түркия президенті Газа секторындағы жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, Газа балалар ең көп қаза тапқан әрі ампутациядан өткен балалар саны бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіш тіркелген аймаққа айналған. Ердоған халықаралық қауымдастықты ондағы жағдайға бейжай қарамауға шақырды.

Ол Батыс жағалауда қоныстанушылардың зорлық-зомбылығы күшейгенін, ал Иерусалимде мұсылмандар мен христиандардың қасиетті орындарға кіруіне кедергі келтіріліп жатқанын айтты.

Ердоған сонымен бірге қазіргі халықаралық қатынастар жүйесін реформалау қажет екенін мәлімдеді. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалап, шешім қабылдауда «Бестен көп әлем» қағидатын басшылыққа алуға шақырды. Түркия басшысының айтуынша, әлемдегі 190-нан астам елдің тағдыры бес мемлекеттің шешіміне тәуелді болмауы тиіс.

Түркия президенті халықаралық құқықтың күшті және әлсіз мемлекеттерге әртүрлі қолданылмауы керектігін айтып, Палестина, Ливан және Суданда БҰҰ-дан көмек күткен адамдардың көңілі қалғанын жеткізді.

Ердоған сондай-ақ Сириядағы жағдайға, Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа, Ливия мен Кипр мәселелеріне тоқталды. Ол Ормуз бұғазында кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге шақырды.

Бұған қоса Түркия басшысы Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты Анкараның рөлін атап өтіп, Түркияны Еуропаның қауіпсіздік архитектурасынан тыс қалдыру оның күшеюіне мүмкіндік бермейтінін айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы 81-сессиясының ашылуына Қазақстан делегациясы да қатысып жатқанын жаздық.

Сессияның ашылуында сөз сөйлеген Трамп БҰҰ мінберінен Иранды «жойып жіберемін» деп кезекті мәрте мәлімдеді.