Ереванда Қазақстанның IT саласын дамытудағы тәжірибесі таныстырылды

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Бұл күндері Армения астанасында орналасқан Meridian көрме орталығында Digitec-2026 конференциясы мен көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ауқымды іс-шараға шет мемлекеттерден келген 30 мыңнан астам адам, 220-ға жуық компания қатысып жатыр. Сала сарапшылары жасанды интеллектіні дамыту мен оны түрлі секторларға тиімді енгізу тақырыптарында пікір алмасып, бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылауда.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Meridian орталығындағы көрмеде Қазақстанның ірі технологиялық жобалары таныстырылған стенд орналасқан. Еліміздегі IT саласының дамуына қазығушылық танытқандардың қатары қалың. Қазақстанда стартап жобаларды іске асыруға ниетті компания жетекшілері мен өкілдері Astana Hub инновациялық кластері тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын зерделеп жатыр.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Біз Astana Hub технопаркін таныстырып жатырмыз. Атап айтқанда, елімізге келуге ниетті IT-компаниялар мен мамандарды ақпараттандыруға басымдық берілген. Мәселен, оларға Digital Nomad және Digital Nomad Residence сияқты визаларды рәсімдеуге көмектесеміз. Көрме аясында армениялық мамандар Astana Hub-тың қызметіне қызығушылық білдіруде. Тиісінше, оларға Қазақстанда IT-компанияларды тіркеу ережелерін, ұсынылатын жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді егжей-тегжей түсіндіріп жатырмыз, - деді Astana Hub инновациялық кластерінің Халықаралық серіктестермен жұмыс жөніндегі бас менеджері Сәт Дүйсеков.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Көрме аясында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының мамандары да келушілерге елімізде жүзеге асып жатқан ілкімді жобаларды таныстырып, жаңа технологияларды енгізу қарқынын баяндады. Тың ақпарат алған шетелдіктер Қазақстандағы IT саласының дамуын жоғары бағалап, бұл нарықты терең зерделеуге мүдделі екенін білдірді.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қоса кетсек, таяуда Kazinform агенттігіне сұхбат берген Армения қолданбалы саяси зерттеулер институтының (APRI Armenia) ғылыми қызметкері Сергей Мелконян Қазақстан технологиялық даму арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып жатқанын айтты.