Қазақстан технологиялық даму арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып жатыр - Сергей Мелконян
ЕРЕВАН. KAZINFORM – Қазақстан технологиялық дамуға екпін түсіре отырып, орталық атқарушы органдардың шешім қабылдау тиімділігін жетілдіруге кірісті. Мұндай пайымды Президент Жолдауында қамтылған бастамаларға қатысты пікір білдірген белді армян саясаттанушысы, Арменияның қолданбалы саяси зерттеулер институтының (APRI Armenia) ғылыми қызметкері Сергей Мелконян айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Сөз басында сарапшы Жолдаудағы бірнеше маңызды басымдықтарға тоқталды. Оның пікірінше, бұл құжатта нақты стратегиялық көзқарас баяндалған.
- Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жаһандық ахуалға кеңінен тоқталған. Әлемдегі тұрақсыздық, жылдар бойы қалыптасқан халықаралық тәртіптің өзгеріп жатқаны және жаңа технологиялық дәуірдің қалыптасуына терең талдау жасалып, баға берілген. Осы ретте Президент Қазақстанның кейбір салаларда, атап айтқанда, банк секторын цифрландыру бағытында алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті. Алайда қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Себебі қазіргі көрсеткішпен шектеле берсе, мемлекет технологиялық даму тұрғысынан басқа елдерден артта қалуы мүмкін, - деді Сергей Мелконян.
Саясаттанушы назар аударған бастамалардың бірі - жасанды интеллектіні барлық секторға жүйелі енгізу. Жаңа технологияларды ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа да салаларды ілгерілету үшін қолдануға болғанымен, оны тиімді дамытатын мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру қажет.
- Жеткілікті ресурстар бола тұра оларды дұрыс басқара алмасаң, нақты межеге қол жеткізу қиын. Сондықтан мемлекеттік басқарудың тиімділігі өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл мәселенің Жолдауда негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалуын жоғары бағалаймын. Жалпы, алғаш қарағанда, құжатта қамтылған міндеттер қысқа мерзімді жоспар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда меніңше, бұл – ұзақ мерзімді стратегия. Себебі мұндай ауқымды жобалар бір немесе екі жылда жүзеге аспайды. Әрине, жекелеген нысандарды қысқа уақытта салуға болады. Бірақ көлік дәліздерін дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу ұзақ уақытты талап етеді, - деп пікір білдірді сарапшы.
Сергей Мелконяның ойынша, жаңа технологиялар, экономика, энергетика және мемлекеттік басқару саласындағы тұрақтылық Қазақстанның одан әрі дамуына негіз болмақ.
- Жолдауда Президент сыртқы саясат пен қорғаныс саласына жеке тоқталған жоқ. Меніңше, Мемлекет басшысы Қазақстанның жарқын болашағын елдің ішкі тұрақтылығы және орнықты дамуымен байланыстырады. Яғни, экономика, энергетика, жаңа технологиялар және мемлекеттік басқару салаларындағы тұрақтылық елдің одан әрі дамуына негіз болады. Ал сыртқы саясат пен қорғаныс мәселелерінің жеке басымдық ретінде аталмауы қазіргі кезеңде мемлекеттің даму күн тәртібінде бұл бағыттардың алдыңғы қатарда тұрмағанын білдіруі мүмкін, - дейді саясаттанушы.
Сергей Мелконянның сөзінше, Қазақстан технологиялық жаңғыруды басты басымдықтардың бірі ретінде айқындай отырып, орталық атқарушы органдардың шешім қабылдау сапасы мен тиімділігін арттыруға кірісті.
- Қазақстан технологиялық дамуға екпін түсіре отырып, орталық атқарушы органдардың тиімді шешім қабылдау жүйесін жетілдіруге кірісті. Сәйкесінше, оның негізін қазірден қалыптастыру орынды. Болашақ туралы сөз қозғағанда, тек университеттердегі жағдайға емес, сондай-ақ мектептердегі ахуалға да назар аударуымыз керек. Өйткені, болашақта елдің дамуын жалғастыратын, қай бағытты таңдау керектігін түсінетін ұрпақ қалыптасуы қажет. Ол буын бұған дайын болуы тиіс. Жалпы, көптеген елдерде көлеңкелі экономика, шешім қабылдау үдерістерінің ашық болмауы сияқты мәселелер бар. Президент Қазақстанда да мұндай олқылықтар бар екенін мәлімдеді. Егер оларды қолданыстағы құралдармен шешу мүмкін болмаса, онда технологияларды енгізу қажет. Бұл өз кезегінде ашықтықты арттырып, шағын және орта бизнестің экономикалық процестерге қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Яғни, технологиялар білім беру саласынан бастап мемлекеттік басқаруға дейін қоғамның барлық саласына енуі керек. Менің пайымымша, бұл міндетті талап ретінде қарастырылып отыр. Себебі ел басшылығы мұны дәл қазір жүзеге асырмаса, бастамалар тек сөз жүзінде қалып қоюы мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан Қазақстан технологиялық даму арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып жатыр, - деп пікір білдірді Сергей Мелконян.
Қазақстан азық-түлік, энергетика, цифрлық технологиялар, көлік байланысы және басқа да салаларда өзін толық қамтамасыз ете алатын елге айналуды мақсат етіп отыр. Алдағы 5 немесе 10 жылда әлемнің қай бағытта дамитынын нақты болжау қиын. Сарапшы пікірінше, мұндай жағдайда өзін-өзі қамтамасыз ете алу қабілеті елдің ілгерілеуі мен қауіпсіздігіне басты кепіл болады.
Еске салайық, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қатысты пікір білдірген белді өзбекстандық сарапшы Равшан Назаров Жолдау Қазақстанның жаңа даму бағдарын айқындайтынын айтқан еді.
Қоса кетсек, 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялаған еді.