Ауқымды құрылыс, мораторий және жалақыдағы өзгеріс: Биылғы Жолдауда не айтылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда халық табысын арттыру, энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылымды жаңарту және мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелеріне қатысты маңызды жоспар айтылған. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы келешек өзгерістердің жай-жапсарына үңілді.
Президент елдің қазіргі экономикалық өсімін жоғары бағалады. Әсіресе номиналды жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 400 млрд долларға жуықтауын, алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтері көлемінің 130 миллиард доллардан асуын ауыз толтырып айтарлық жетістікке балаған.
Мемлекет басшысы енді осы мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру үшін Үкіметке біршама міндет жүктеді. Соның ішінде бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуі тиіс. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.
2027 жыл – Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы
Алдағы жылдары қомақты қаржының басым дені денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салуға жұмсалмақ. Осылайша, халық толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылып, тұрмыс сапасы артатын болады. Президенттің айтуынша, құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктер аз уақыттың ішінде қай өңірге қандай әлеуметтік нысан қажетін анықтап, құрылыс жұмыстарына кірісуі шарт.
– Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Енді әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары әзірленеді. Онда әр шаһардың қауіпсіздігі, жайлы жағдайы, көрікті келбеті назарға алуынуы қажет. Сонымен қатар Президент Үкіметтке қала ресурсын тиімді басқару үшін қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы алдағы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді және келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл – жай сипат сөз емес, істің нақты көлемін білдіретін балама белгі. Өйткені келешектегі құрылыс қаламен шектелмейді, ауыл-аймақтағы тұрғындар да игілігін көретін күн жақын.
Президенттің сөзінше, бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы жүргізілетін болады.
Соның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын ерекше бақылауға алынады. Президент дерегінше, алдағы уақытта 8 заманауи перинаталды орталық бой көтереді. Оған қоса, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан салынады.
Көп көлем сапаға әсер етпеуі тиіс. Жолдауда тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жайы қаузалған. Президент қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды елде өндіру міндетін қойды.
Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабына айнала ма?
Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент көлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі күрделі геосаяси кезеңде логистика инфрақұрылымын дамыту аса маңызды әрі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактор да осы. Тіпті дамыған көлік логистикасы болмаса, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кететінін ашық айтқанын естідік. Сондықтан бұл бағыттағы бірнеше бастама назарда болады.
Біріншісі, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артпақ.
Екіншісі, тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үшіншісі, Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи теміржол және көлік жолдарының тұтас желісі құрылады. Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкшетау — Петропавл» тас жолын кеңейтуді тапсырды.
Профессор Марат Сейдахметовтың бағалауынша, логистикалық жобалар елдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға септесуі мүмкін.
— «Бақты – Аягөз» теміржол желісі Қытаймен жүк тасымалының өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ал «Арал – Каспий» бағытын дамыту Қазақстанның батыс өңірлерінің халықаралық көлік дәліздерімен байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл жобалар экспортты дамытуға, логистикалық орталықтар ашуға және өңірлерге инвестиция тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар кедендік рәсімдерді цифрландыру мен тасымал жүйелерінің тиімділігін арттыру халықаралық нарықтағы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді, – дейді ғалым.
Президенттің айтуынша, автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі.
Жолдауда әуежай құрылысы да атаусыз қалмады. Бәрімізге белгілі, қазір елде бірнеше әуежайдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы елордада жаңа әуежайдың құрылысы басталады деген жоспар бар. Мұндай бір мезетте бірнеше әуежайды қатар салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Мұның бәрі Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік хабы ретіндегі рөлін нығайта түсері анық.
– Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы болуы үшін көптеген маңызды міндетті орындауға тиіс. Бірінші кезекте көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыру қажет. Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүзінде басқару – ақылға қонымсыз іс. Бұл – құрдымға апаратын ең төте жол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы салаға қатысты нақты ұстанымын да жеткізді. Еліміз халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы рөліне көшуі қажет. Отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға ерекше басымдық берілуі тиіс. Сондай-ақ көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді. Бұл – елімізге үлкен бәсекелік артықшылық беретін мүмкіндік. Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы идеялар әдемі презентация күйінде қалып қойған. Соның салдарынан мемлекет қомақты табыс көзінен қағылып отыр. Президенттің пікірінше, осы мүмкіндікті пайдалану үшін жерүсті сервистік инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан тәсіл.
Энергия өндірудің тұрақты профицитіне шығамыз
Қазақстан үшін шикізаттық артықшылықты тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру аса маңызды. Мұндай ой Жолдауда да айтылды. Мемлекет басшысы бүгінгі кезеңді «электр энергиясының дәуірі» деп бағалап, саладағы мәселелерге үңілді.
Мемлекет басшысының пайымынша, елімізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлық, ал энергетика мәселелеріне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды деңгейде өткізіледі.
Сонымен қатар Қазақстанның энергетика саласы жыл сайын елеулі тапшылыққа тап болады. Соның салдарынан қыс мезгіліндегі электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңдерде көрші елдерден электр қуаты қымбат бағамен сатып алынады. Ал жазда сол электр энергиясы керісінше, айтарлықтай төмен бағамен кері қайтарылады.
– Осындай құйтырқы әрекет ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты жағдай деп түсіндіріп бағуда. Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылысының аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды. Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдері кейінге шегеріліп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазір Қазақстан 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Алайда кейінгі жылдары құрылыс саласы, агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Оған қоса жасанды интеллекті мен деректер орталығы да аз энергия тұтынбайды. Сол себепті Президент Жолдауда 2029 жылға қарай энергия өндіруде тұрақты профицитке қол жеткізу керек деп баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, осы мақсатта жаңа электр станциялары мен электр беру желілерін салып, қолданыстағыларын жаңғыртуымыз керек. Қосымша жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе күн электр станцияларына баса назар аударылмақ. Жалпы алғанда, Үкімет 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған елдің бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімін жаңартуға екпін қояды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды.
Айрықша маңызды металдар қорының ұлттық жүйесі құрылады
Президент Жолдауда дәл осындай тапсырма берді. Өйткені индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуға тұрақты шикізат қажет. Жолдаудан түйгеніміз, алдағы уақытта ел аумағында озық технологиялардың көмегімен жер қойнауы толық зерттеліп, деректер ашық және қолжетімді болады. Мемлекет жаңа кен орындарын іздеу және барлауға жеке қаражат есебінен де жүргізуге ниетті.
– Қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет. Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетерлігі, елде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз ету жоспарланған.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы олқылықты атап өтті. Айтуынша, жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.
– Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ. Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек, – деді Президент.
Жалпы ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру жайы өте өзекті. Себебі Қазақстан жаһандық өндіріс тізбегіне қосылуды қалайды және экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа лайықталған.
Азық-түлік орталығына қалай айналамыз?
Жолдауда Қазақстанның ғана емес, әлем алдындағы ықтимал сын-қатер де айтылды. Әсіресе Президент жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразияның маңызы артып, азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал деген пікірді жеткізді. Бұдан ұққанымыз, алдағы уақытта Үкімет ауыл шаруашылығы саласына ерекше аударады деген сөз.
Саладағы мәселелер қалай шешіледі?
Біріншіден, «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындаған. Президент соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қаржыландыруды тапсырды. Қаражат созбалаңға салмай, қолжетімді әрі жеңілдетілген шартпен қаржы бөлу керегін баса айтқан.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғырту қолға алынады. Үкіметке отандық сапалы тракторлар мен комбайндардың санын көбейту тапсырылды.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу дамиды.
Төртіншіден, Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді тәсілдерді әзірлемек.
Бесіншіден, ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізу көзделген. Мұндай идеяны Президентке өткен аптада Астанаға келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг ұсыныпты.
Бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізілмек
Бүгінде айыппұлдар, жоспардан тыс тексеру шоттарды бұғаттау, камералдық бақылау мәселесі кәсіпорындардың жұмысына ықпал етуде. Сондықтан Президент микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға шектеу қоюды ұсынды. Демек алдағы үш жылда шағын кәсіпкерліктің тынысы кеңейеді деп санауға болады.
– Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқыға салуды ұсынамын. Бұл ретте бұған дейінгі мораторийдің артықшылықтары мен кемшіліктері түгел ескерілуі керек. Аталған қадамды бақылау-қадағалау жүйесін толық өзгертіп, реттеудің цифрлық моделіне көшуге арналған стратегиялық үзіліс деп қарастырған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оған қоса Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендету оқиғаларын сынады. Мұның барлығын мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп бағалады.
Керісінше, кез келген кәсіпке мүмкіндік әзірлеу керек деген ойдың ұшқынын көрдік. Президент шағын және орта бизнеске ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, оларды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту керек деген ұстанымда.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, мораторий кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіне бейімделіп, бизнесті тұрақты жүргізуге мүмкіндік береді.
— Пандемия кезінде мораторий көптеген шағын және орта бизнес субъектісін сақтап қалуға көмектесті. Қазір де кәсіпкерлер салық жүйесіндегі өзгерістерге бейімделіп, жаңа талаптарды меңгеріп жатыр. Сондықтан осы өтпелі кезеңде, әсіресе шағын бизнеске, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды, — деді сарапшы.
Жолдауда қаржы саласына қатысты оқшау ойлар айтылды. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев банктердегі жинақталған қаржыны экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалануды ұсынды. Ол үшін экономиканың басты салаларында ұзақмерзімді кредиттеудің жаңа тәсілі әзірленуі ықтимал. Бұған банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары көмек береді. Осылайша, ұлттық бірыңғай қаржы экожүйесін құруға мүмкіндік аламыз.
Көбінің есінде қалған сәт – Президенттің байларға салықты көтеру бастамасы. Мемлекет басшысы түсіндіргендей, бұл заңды жолмен табыс тапқан адамдарды алалау емес, тек салық салудағы әділдік мәселесі ғана. Сол себепті Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстарын беруі қажет.
– Салық салудағы әділеттілік мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бай-бағландарға арналған жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылайтын кез келді деп санаймын. Тағы да атап өтемін. Ешкім заңды түрде тапқан активке қандай да бір жолмен шектеу қойғалы жатқан жоқ. Бұл Конституция талаптарына қайшы болар еді. Әңгіме әділеттілік туралы, яғни әр азаматтың ел дамуына лайықты, адал үлес қосуы жөнінде болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда жаңа Салық кодексіндегі күрмеулі мәселелер мен кемшіліктерді жою жайы сөз болды. Өзгеріс енгізу кезінде бизнестің ынтасы, инвестиция жайы, жұмыс орындарын ашу мәселесі назарда болмақ.
Ең төменгі жалақы мөлшері – 110 мың теңге
Қорыта айтсақ, Жолдауда Үкіметке қосымша міндеттер жүктелді. Айтар болсақ:
· Келесі жылдың аяғына дейін жаңа Азаматтық кодекс қабылданады;
· Ел дамуының ұзақмерзімді басымдықтарына арналған құжат жарияланады;
· Жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуды реттейтін жеңілдетілген құқықтық режим әзірленуі шарт;
· «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қажетті өзгерістер дайындалады;
· 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспары дайындалады;
· 100 жылға жететін уран қоры құрылуы керек.
Жалақы жайын айта кету керек. Жолдауда келер жылдан бастап медицина саласындағы учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін артатыны белгілі болды. Оған қоса елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге ұлғайтылмақ.
Кезекті Жолдауда бар сала қамтылды: кемшілік те, ауқымды міндет те қалыс қалмады. Бастысы, халық әл-ауқатқа әсер ететін жүйелі жоспардың барына көз жеткізді. Ендігі нәтиже істің орындалу барысына тәуелді.