Еркінғали Бүркіталин қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтты.
— Жекпе-жек ойдағыдай өтті. Отандастарымыздың қолдауын сезіндім, баршаңызға рақмет айтқым келеді. Аралас жекпе-жектен алғашқы Азия чемпионы атанған қазақстандық болғаным үшін қуаныштымын, — деді ол.
Қазақстандық спортшы аралас жекпе-жекті Олимпиада бағдарламасында көргісі келетінін жасырмады.
— Бұл спорт алғаш рет Азия ойындары бағдарламасына кіріп отыр. Болашақта Олимпиада ойындары бағдарламасына кіріп жатса, ел намысын қорғауға дайынмын, — деді ол.
Еркінғали Бүркіталин алдағы уақытта кәсіпқой мансабын жалғастыратынын айтты.
— Қазірге нақты жоспар жасаған жоқпын. Алдымен елге қайтып, бапкеріммен ақылдасамын. Кәсіпқой лигада өнер көрсетуімді жалғастырамын. Қазіргі уақытта Alash Pride лигасымен келісімшартым бар. Шетелдік лигалардың ұсынысына ашықпын. Өзім жапондық Rizin лигасына қызығушылығым бар, — деп қорытындылады Азиада чемпионы.
Еске салайық, Еркінғали Бүркіталин ерлер арасында (77кг) ММА спортынан дәстүрлі стиль бойынша жарыс жолына шығып, ақтық сында Бахрейн спортшысы Мұхаммед Набиевті 3:0 есебімен қапы қалдырды.
Сонымен қатар, Бэлла Самашева каратэден Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.