Еріктіден миллиардерге дейін: Перизат Қайрат қазақстандықтардың сенімін қалай сән-салтанат көзіне айналдырды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасының ұжымы Перизат Қайраттың атышулы қылмыстық ісіне арналған зерттеу жұмысының екінші шығарылымын жариялады.

«Палестинаға көмек»: эмоция, сенім және алғашқы миллиондар

Биылғы жазда сот алдында жас қыз және оның егде жастағы анасы жауап берді. Олар алаяқтық және 3,5 миллиард теңгені жымқыру бойынша айыпталды. Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі сотта оңалту орталығы, Палестинаға көмек және Қазақстандағы су тасқыны болып үш эпизодқа бөлінген еді. Айтар болсақ, бұл бөлу оқиғалардың хронологиясына да сәйкес келеді.

Бағдарламаның өткен шығарылымында «Правда в деталях» тобы 2021 және 2022 жылдардағы оқиғалар жайлы баяндаған болатын. Ал екінші шығарылым 2023 жылға, яғни Палестинаға көмек пен Қазақстандағы су тасқынына арналған.

Газа секторындағы қақтығыс көптеген адам үшін байлық табудың тиімді сылтауына айналды. Әлемдік қауымдастық бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді басты басымдық деп таныған шақта, Қазақстан да бұл істен шет қалмады.

Өз кезегінде Перизат Қайрат та осы жағдайды пайдаланып қалуға шешім қабылдап, Қазақстандағы Палестина елшілігіне барып, Biz Birgemiz қоры атынан соғыс зардабын шеккендерге көмек көрсету туралы ынтымақтастық жөнінде келісім жасасуды ұсынады. 2023 жылдың 31 қазанында келісімшартқа қол қойылған.

— Ол өзін үнемі белсенді ерікті, қоғам белсендісі ретінде көрсететін. Instagram парақшасын жүргізіп, көпшілік сеніміне ие болған. Сондықтан елшілік те оның Газа секторындағы зардап шеккен тұрғындарға көмектесу ниетіне сенді, — дейді Қаржы мониторингі агенттігінің аға тергеушісі Ердәулет Жақып.

Фото: Видеодан алынған кадр

Келесі күні, яғни 1 қарашада «қайырымды блогер» әлеуметтік желіде жұрттан Таяу Шығыстағы соғыстан зардап шеккендерге материалдық көмек сұрап үндеу жариялады.

Дәстүр бойынша жазбаның астында бұрыннан таныс ForteBank есепшоты көрсетілді. Бірақ бұл жолы Перизат ақшаны аудару ыңғайлы болу үшін өзінің жеке Kaspi шотын және телефон нөмірін де жариялады.

— 2023 жылдың 1 қарашасынан бастап оның жеке және қор шоттарына көптеген қазақстандық азаматтардан ақша түсе бастады, — деп атап өтті Ердәулет Жақып.

2023 жылдың 1 қарашасынан 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін палестиналықтарға көмек ретінде 566 миллион 508 мың 431 теңге жиналды. Бірақ оның тек 7 миллион 403 мың теңгесі ғана Палестина мемлекеті елшілігінің шотына аударылған.

Міне, қызық осы жерден басталады. Biz Birgemiz қорының есебінен БАӘ мен Мысырдағы қонақүйлерге, мейрамханаларға, шопингке төлем жасалды, ал қор есебіне Палестинаға жанашырлық білдірген қазақстандықтардан ақша түсе берді. Қайырымдылықпен айналысатын Asar Ume қоры да акцияға қатысып, Перизаттың қорына 200 миллион теңге аударған.

— Таңғаларлығы, сол кезде мұндай жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ. Бұған ешкім жүйелі түрде кірісе алмады. Тек Перизат қана мен істей аламын, менде гуманитарлық көмекті жеткізу арналары бар деп мәлімдеді, — дейді Асхат Нұрмашев, Asar Ume қорының президенті әрі негізін қалаушы.

Фото: Видеодан алынған кадр

Кейін Asar Ume қоры Перизат Қайратпен хат алмасуға мәжбүр болады.

— Біз ресми түрде хаттар жаздық. Есеп беру мерзімі бұзылып жатыр, сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз деп ескерттік. Ақырында ол кейбір құжаттарды ұсынды. Бірақ тергеу басталғанда олардың жалған екені анықталды, — дейді Асхат Нұрмашев.

Танымал блогерлер Олжас Садық пен Назим Мисанов та Газа секторындағы әйелдер мен балаларға көмек көрсету үшін 2023 жылдың 22 қазанында ақша жинауды бастап, ккі апта ішінде олар 83 миллион теңге жинаған. Бірақ бұл ақшаны ЮНИСЕФ арқылы аудармақ болғанда, Перизат Қайрат олардың өзіне хабарласады.

— Әдеттегідей, бәрін білетін адамдай кешке хабарласып, өзін Biz Birgemiz мемлекеттік қорының басшысымын деп таныстырды. Шұғыл мәселе бар екенін айтып, кездесуге шақырды. Мен келістім. Кездесу барысында ол «шетелдік ұйымдарға сенуге болмайтынын айтып, ал біздің қазақстандық қор сенімді екенін алға тартты, араб қорларымен тікелей жұмыс істейміз» деген еді. Ол кезде бұл өте сенімді естілді, — дейді блогер Олжас Садық.

2023 жылдың 7 қарашасында қазақстандық блогер Олжас Садық барлық жиналған 83 миллион теңгені — яғни Kaspi шотындағы бар ақшасын — Biz Birgemiz қорының реквизиттеріне аударады. Перизат Қайратпен жасалған келісім тек ауызша болды. Ал белсенді блогерлер толық есеп беруді талап еткен.

— Менде бар ақшаның бәрін, тіпті өз жеке қаражатымды да қостым. Сол күні не келесі күні Перизат хабарласып, «Олжас, біз шұғыл түрде Абу-Дабиге ұшамыз» деді, — деп еске алады блогер.

Эмиратқа жеткен соң, еріктілер Rixos атты қымбат қонақүйге орналасты. Айтпақшы, сапардың барлық шығынын Перизат өз мойнына алған. Келесі күні белсенділер Дубай маңындағы қалаға барады. Онда «Қызыл ай» қоры гуманитарлық көмекті қаптап, ораумен айналысып жатқан еді. Осы көріністердің бәрі камераға түсіріліп, кейін блогерлер өздерінің Instagram парақшаларында әдемі ролик түрінде жариялады.

Барлығы жұмыспен айналысып, жәшіктер мен азық-түліктерді тасып жүрген. Ешкімнің де ойына келмегені — мұншама көлемдегі тауарды бір күнде сатып алу мүмкін емес еді. Ал блогерлер аударған 83 миллион теңгенің шынында сол көмекті алуға жұмсалғаны екіталай болатын. Бірақ ол сәтте белсенділер бұған мән бермеді — олардың назары әлеуметтік желіге салынатын фото мен видеода еді.

— Бәріміз Перизатпен бірге жүрдік, ол «мынау жиналған заттар, мынау гуманитарлық көмек» деп көрсетіп отырды. Бірақ қораптарды ашқанда, мүлде басқа заттар болды. Сол кезде мен бәлкім, мен түсінбей тұрған шығармын деп ойладым. Бірақ Перизат өте ашушаң еді. Кішкене сұрақ қойсаң болды — айқайлап, «сен ештеңе түсінбейсің!» деп шыға келетін. Нағыз айқай-шуға салатын. Бір кезде шынымен өзің күмәнданып қаласың: бәлкім, мен ірі халықаралық операциялардың қалай өтетінін білмейтін шығармын деп, — дейді Олжас Садық.

Фото: Видеодан алынған кадр

 

Қазақстанға оралған соң, Олжас пен Назим бірнеше рет Перизаттан құжаттар мен есеп-қисапты талап еткен. Олар әр тиынның нақты қайда жұмсалғанын білгісі келді.

— Мен есепті, номенклатураны, сатып алу тізімін күттім. Маған жіберген ақшаның қалай жұмсалғаны бойынша толық есеп беруі керек еді, — деді блогер.

Алайда, Перизаттан ешқандай есеп те, чек те, құжат та болмады. Сондықтан Олжас Садық сотта шын мұқтаждарға бағыттау үшін өзінің 83 миллион теңгесін қайтаруды талап етті. Сондай-ақ сот отырысында Олжас Садық Ғайни Алашбаеваға, яғни Перизаттың анасына қатысты жазаны жеңілдетуді сұрап, оны үйқамақта қалдыруды өтінді.

2023 жылдың 11 желтоқсанында Перизат Қайрат қайырымдылық ақшасын пайдаланып, Mercedes-Benz маркалы көлікті 30 миллион 30 мың теңгеге сатып алып, оны өз атына тіркейді. Қалған соманы өз жеке Kaspi шотына аударады. Ал небәрі үш күннен кейін, 14 желтоқсанда, Перизат Астанадағы Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 86 миллион теңгеге пәтер сатып алады. Бұл пәтер анасы Ғайни Алашбаеваның атына рәсімделген.

Су тасқыны және миллиардтаған ағым: сенім су астында

2024 жылдың наурыз-сәуір айларындағы су тасқынын соңғы 80 жылда болмаған апат деп жазды көптеген БАҚ. Мұз бен қардың еруінен Жайық, Тобыл, Ертіс және Ембі өзендеріндегі су деңгейі күрт көтеріліп, көптеген елді мекенді су басты.

Ел тұрғындары белсенді түрде құтқару жұмыстарына қатысты, зардап шеккендерге көмек беріп, үйлерін қалпына келтіруге атсалысты. Сол күндері ешкім бейжай қалған жоқ. Әр қазақстандық өз азаматтық борышым деп, қолдан келгенше көмек көрсеткісі келді.

Көмек көрсету пункттері өздігінен ашылып жатты, ал әлеуметтік желілерде ақша жинау бастамалары көбейді. 2024 жылдың 31 наурызында Перизат Қайрат Instagram желісінде тасқын болған өңірлерден видео жариялап, Biz Birgemiz қорының көмек көрсеткенін айтты.

Аға тергеуші Ердәулет Жақыптың айтуынша, адамдар Перизаттың жариялаған бейнелерін көріп, оның расымен зардап шеккендерге көмектесіп жүргеніне сенген. Бұл сенім адамдарды ақшалай көмек жіберуге итермеледі.

— Ол шынымен де апат аймақтарына барып, видео түсіріп, кейін оны әлеуметтік желіге жүктейтін. Біздің азаматтар осы бейнелерге сеніп, өздерінің азаматтық ұстанымын білдіріп, шын жүректен көмек жіберді, — дейді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Арман Қызыкен.

Фото: Видеодан алынған кадр

1 сәуірде блогер өз парақшасында Kaspi банкінің басшылығы өзімен байланысқа шыққанын, оның жұмысының ашықтығына көз жеткізген соң, қоғамдық бірлестіктің шотына 100 миллион теңге аударды деп жазба жариялаған. Алайда бұл ақпарат жалған екені анықталды. 2 сәуірде Перизат зардап шеккен азаматтар үшін елдегі банк басшыларынан несиелерді кейінге шегеруді талап етті.

5 сәуірде Перизат Қайрат өз Instagram парақшасында халықтан ақша жинамауға шақырды. Сонымен қатар Jusan Bank 300 миллион теңге аударды деп мәлімдеді. Бұл өте шебер жасалған айла еді. Өйткені ол ақша сұраған жоқ, қайта халықтан жинамауға шақырды. Осылайша, бейберекет жиналып жатқан қаражаттың барлығы ақырында өз шоттарына шоғырланды.

Осылайша, 2024 жылдың 1 сәуірінен 15 қарашасына дейін Biz Birgemiz шотына 2 миллиард 860 миллион 47 мың 926 теңге көлемінде қайырымдылық қаржы түскен. Оның белгілі бір бөлігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге құтқару қайықтарын, киіз үйлер, генераторлар, азық-түлік және техника сатып алуға жұмсалған.

Алайда 1 миллиард 939 миллион 828 мың теңге жеке мақсаттарға пайдаланылған. Перизаттың бұған дейін де жиналған қаржыны иемдену тәжірибесі болғанымен, мұндай ірі соманы заңдастыру оңай болған жоқ. Сол үшін күрделі қаржылық схема жасалды. Атап айтқанда, қаражат бірнеше қабатқа бөлініп, әртүрлі тұлғалар арқылы айналымға енгізілді. Яғни, ақшаны қолма-қолға айналдыра алатын жеке кәсіпкерлер тартылды.

— Заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін Перизат өзіне бағынышты, туыстарының атына тіркелген жеке кәсіпкерлермен жалған келісімшарттар жасасқан. Қағаз жүзінде ол келісімдер су тасқынынан зардап шеккендерге азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар жеткізу туралы болғанымен, іс жүзінде ешқандай жеткізу жұмыстары болмаған. Ақша сол кәсіпкерлердің шотына түсіп, кейін қолма-қол алынып, Перизатқа беріліп отырған, — деді Е. Жақып.

Бөлшектеу схемасы сәтті жүзеге асып, банк жүйесінің автоматты бақылауын айналып өтті. Өйткені әр төлемнің сомасы 20 мың АЕК-тен аспайтындай етіп есептелген. Сонымен бірге төлем құжаттарына жалған мәліметтер енгізілген.

4 мамыр 2024 жылы Перизат 93 миллион теңгеге Астанадағы Akbulak Riviera тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, оған 123 миллион теңгеге жөндеу жүргізген. Барлығы қолма-қол төленгені анықталды.

27 мамырда ол тағы бір пәтер мен автотұрақ орнын Highvill Ishim Gold кешенінен 205 миллион теңгеге сатып алған. Оған қоса, 1 маусымда «Көк-Жайлау-3» кешенінен 25,5 миллион теңгеге тағы бір пәтер рәсімдеген. Маусым-шілде айларында Перизат Lexus LX600 80 млн 212 мың теңге және Mercedes-Benz S450 77 млн 257 мың 765 теңгеге автокөліктерін қолма-қол ақшамен иеленді.

Фото: Видеодан алынған кадр

Одан кейін ол коттедж қалашығынан жер телімін, тағы бір көлік, сондай-ақ зергерлік бұйымдар, брендтік сөмке мен аяқ киімдер сатып алды.

Небәрі жарты жылдың ішінде бұрынғы блогер миллионерден миллиардерге айналды.

Перизат Қайраттың алдай алмаған жалғыз жүйесі — білім беру саласы болды. Соттағы ресми анықтамаға сәйкес ол 2006 жылы мамырда Ақтаудағы № 10 мектептің 9 сыныбын бітірген. Сол жылы Маңғыстау өнер колледжіне «хор дирижерлігі» мамандығына түскен. 2008 жылы 28 қаңтарда Алматыдағы Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне ауысып, «жеке ән салу» мамандығы бойынша оқыған, бірақ сол жылдың қазанында өз еркімен колледжден шығып кеткен. Содан кейін Перизаттың білім алу жолында ұзақ үзіліс болған. Тек 2024 жылдың 23 тамызында ол «Тұран-Астана» университетіне «Есеп және аудит» мамандығы бойынша 4-курстан қайта қабылданған болып шығады. Бірақ 29 тамызда оның Ресейде оқығаны туралы жалған диплом тапсырғаны анықталып, оқудан шығарылды.

Сот және сенімнің жоғалуы

Бұл істі бүкіл қоғам бақылап отырды.

— Бізге Перизат Қайрат пен оның анасын тек сот алдында ғана емес, сонымен қатар, өз ақшасын адал ниетпен берген азаматтар алдында да кінәлі екенін дәлелдеу міндеті тұрды. Олар өздері алданғанын білместен, олардың сән-салтанатты өмірін қаржыландырған, — деді А.Қызыкен.

Фото: Видеодан алынған кадр

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға «Алаяқтық», «Алдын ала сөз байласу арқылы ақшаны заңдастыру», сондай-ақ «ірі көлемдегі ақшаны заңдастыру» баптары бойынша айып тағылды. Сот үкімімен Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан және барлық мүлкі тәркіленіп, 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысу құқығынан айырылды. Анасы 7 жылға сотталып, сондай-ақ қайырымдылық қызметіне тыйым салынды.

— Айыпты тарап өз кінәсін толық та, жартылай да мойындаған жоқ. Керісінше, бар кінәні құқықтық техникалық қателіктерге жапты. Біз олардың ешқандай өкінішін де, шынайы өкінуін де көрмедік, — деді мемлекеттік айыптаушы А.Қызыкен.

Осылайша, Қазақстанда алғаш рет қайырымдылық атын жамылып жиналған қаржыны ұрлауға байланысты осындай даулы сот процесі өтті. Перизат Қайрат ісі қылмыстық заңнаманың кейбір баптарын қайта қарауға себеп болмақ.

— Астана қаласының прокуратурасы Бас прокуратураға Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қызметтік хат жолдады. Онда жаңа қылмыстық құрам қайырымдылық атын жамылып жасалған алаяқтық бабы енгізілсін деген ұсыныс бар, — деп атап өтті А.Қызыкен.

Өкінішке қарай, Перизаттың оқиғасы тек оның отбасы мен өзі құрған қорға ғана емес, қайырымдылықтың өзі туралы түсінікке де нұқсан келтірді.

Енді азаматтар, бұдан кейін кімге сенуге болады? Шынымен көмек көрсетіп жүргендер мен пайда көздегендерді қалай ажыратамыз? деген сұрақ қоя бастады. Салдарынан шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдар ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналары, еріктілер мен шағын бастамашыл топтар зардап шегіп отыр.

— Халықтың волонтерлерге сын айтуын түсінемін. Бірақ бәрі ондай емес. Барлық қорлар мен еріктілерді бірдей қаралауға болмайды. Уақыт өте келе бәрі өз орнына келеді деп сенемін, — деді А.Нұрмашев.

Перизат Қайрат әлі күнге дейін кінәсін мойындамайды. Ол өзін ұйымдастыру жұмысын дұрыс жүргізе алмаған, есеп-қисапты реттей алмаған адам ретінде көрсетеді. Қорғаушылары да осы уәжге сүйеніп, оның қасақана ұрлық жасау ниеті болмағанын алға тартқан.

Биыл қазанда өткен апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, бірінші сатыдағы сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін қолдан жасалған хаттамалар мен «Biz Birgemiz» қорының құпиясы жайлы жазғанбыз.