- Қазіргі таңда газдандыру деңгейі елімізде 64,2 пайыз. 20,5 миллионнан астам Қазақстан тұрғындарының ішінде 13 миллионында осы көгілдір отынға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Бүгінде елде бірнеше жоба іске асып жатыр. Ең маңызды - ол «Есіл— Астана» газ құбырын (солтүстік өңірлерді газдандыру) салу. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме құжаттары дайындалып жатыр, - деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда министр былтыр Қазақстан мен Ресей арасында тиісті меморандумға қол қойылғанын еске салды.
- Мемлекет басшысының халықтың табиғи газбен қамтамасыз етілу деңгейін 80%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аталған газ құбыры осы мүмкіндікті береді деп үміттенемін, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін хабарланғандай, биылға мұнай өндіру жоспары 2 млн тоннаға қысқартылды.