Ерлан Қарин: «Құрылыс салу, тағы да құрылыс салу» — тек экономикалық саясат емес, жасампаздық идеологиясы

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Вице-президент Ерлан Қарин Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумда мәлімдеді.

Фото: Ақорда

Ерлан Қариннің айтуынша, Мемлекет басшысы отандық ғылымды, білім беруді және жоғары технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөліп, оларды Қазақстанның болашағының негізі ретінде қарастырады.

Президент өз Жолдауында келесі ұрпаққа заманауи технологияларға, білім мен ғылыми жетістіктерге сүйенген қуатты елді табыстау қажеттігін атап өткен.

Бұл мақсатқа жетудің бір құралы ретінде еліміздің барлық өңірінде ғылым, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала және инфрақұрылым бағыттары бойынша жүздеген нысан салуды көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ұсынылды.

— Президенттің «Құрылыс салу, тағы да құрылыс салу» деген үндеуі — Қазақстанның экономикалық саясаты ғана емес, белгілі бір дәрежеде идеологиялық формула. Өйткені бұл үндеу жасампаздыққа бағыттайды. Оның негізінде бірге еңбек ету, құрылыс салу және жасау үшін күш біріктіру идеясы жатыр, — деп атап өтті Ерлан Қарин.

Осылайша, Вице-президенттің пікірінше, елді дамыту ұғымы әлдеқайда кең мағынаға ие. Құрылыс салу дегеніміз — тек жаңа ғимараттар мен инфрақұрылым салу емес, сонымен қатар ғылымның, білімнің, мәдениеттің және адами әлеуеттің дамуына жағдай жасау.

Ерлан Қарин бұл бастамалар Президенттің экономикалық тұрғыдан қуатты, технологиялық жағынан дамыған, білім, ғылым және мәдениет деңгейі жоғары мемлекет қалыптастыруға деген ұмтылысын көрсететінін атап өтті.

Бұған дейін Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысқан Вице-президент Ерлан Қарин ауқымды әрі маңызды ғылыми іс-шара екі жылда бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.