Ерлан Сағадиев «болашақтықтар» қандай салаларда еңбек ететінін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 25 жыл бұрын басталған «Болашақ» бағдарламасы өзге елдерге үлгі боларлық дәрежеге жетті. Бұл туралы «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған форумда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1100 стипендиат оқып жатыр. Сөзсіз, ширек ғасырлық тарихында «Болашақ» стипендиясы өзінің дамуының бірнеше кезеңін басып өткені анық. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен талаптары уақыт өткен сайын жетілдіріліп, ұлттық экономиканың қажеттілігіне, мемлекеттік саясаттың басымдығы мен заманның бағдарына қарай бейімделе түсті. 25 жылдың ішінде «Болашақ» - қазақстандық білімнің табысты брендіне айналды. «Болашақ» стипендиясының нәтижелілігін халықаралық сарапшылар да айрықша атап өтуде. Бағдарламаның тәжірибесі тереңірек зерттеліп, өзге елдерге үлгі боларлық дәрежеге жетті. Бағдарламаның ауқымды спектрінің, даярлығының бағыты мен ЖОО географиясының арқасында «Болашақ» стипендиясы Майами қаласында өткен Going Global халықаралық конференциясында өзіне ұқсас 11 стипендияның үздігі атанды», - деді Ерлан Сағадиев.

Министр өз сөзінде «Болашақ» стипендиясының арқасында біліктілігі жоғары мамандардың, креативті ғалымдар мен инженерлердің, дәрігерлер мен басқарушылардың шоғыры пайда болғанын тілге тиек етті.

«Жетекші ғылыми-орталықтарда білім алудың арқасында стипендиаттар елімізге әлемдік технологияларды әкелуге, халықаралық қарым-қатынастарды жолға қоюға, халықаралық қауымдастықтарға интеграциялануға жол ашты. Екінші жағынан стипендия түлектері шетелдегі Қазақстанның айнасына және елшісіне айналды. «Болашақ» стипендиаттарының арқасында әлем халқы Қазақстанды тани түсті. Бүгінгі таңда болашақтықтар өз саласының білікті жетекшілері болып отыр.Түлектердің 40 пайызы экономиканың түрлі секторларында еңбек етсе, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайызы медицина саласында жүр. Түлектердің төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджерлері атанды. Болашақтықтардың үлесінде жүздеген ғылыми еңбектер мен ірі әлеуметтік жобалар баршылық. «Болашақ» өзінің тарихи миссиясын керемет орындап берді. Алдағы уақытта «Болашақ» стипендиясының түлектері еліміздің өркендеуіне өз үлесін қоса берер деген сенімдемін», - деді Ерлан Сағадиев.

Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған форумда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендиаттарға жолдаған құттықтау хатын оқып берген болатын. Елбасы өз сөзінде атап өткендей, «Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды.