Ерлан Сағадиев оқушы кезінде үлгерімі қандай болғанын айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушы кезінде гуманитарлық пәндер бойынша үлгерімі қандай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астананың ЭКСПО аумағындағы «Хол-энерги» алаңында Мұғалімдер күніне орай өтіп жатқан шарада Ерлан Сағадиев ұстаздарды мерекесімен құттықтады.

Министр өз сөзінде мұғалімдердің жалақылары көтеріліп жатқанын айта кетіп, ұстаздық атты ұлы жолда педагогтардың бәріне алғысын білдірді.

Министр сөзін аяқтағаннан кейін салтанатты шараны жүргізуші министрге сұрақ қойды.

«Ерлан Кенжеғалиұлы, математикадан үздік оқитын оқушылар әдебиет пен тілдік пәндерден аса мықты бола қоймайтыны рас па?» - деді жүргізуші.

Министр бұл сұраққа «Әлбетте, рас» деп жауап берді.

Білім және ғылым министрінің жауабын іліп әкеткен жүргізуші іле-шала «Қазіргі балдық жүйе бойынша Сіздің әдебиет пен тілдік пәндерден үлгеріміңіз қалай болар еді?» деген екінші сұрақты да қойды.

«Тілдік пәндер маған ауырға түсті» - деген министрдің шынайы жауабы көптің қошеметіне ұласты.

Еске сала кетсек, Астанада Мұғалімдер күніне орай өткізілген айтулы іс-шарада «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталған болатын.