Батырдың немересі техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, полковник Бегім-Мұрат Ілиясов Jibek Joly телеарнасына сұхбат берді.
Сталинград майданынан басталған жауынгерлік жол, Дунайды кешіп өткен сұрапыл шайқастар, Будапешт пен Вена үшін ұрыстар, Мәскеудегі Жеңіс парады — мұның бәрі Нағи Ілиясов өмірінің даңқты беттері.
Ал соғыстан кейін ол елге оралып, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге бар күш-жігерін арнады. Басшылық еткен совхоздарын республикадағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналдырып, бейбіт еңбекте де үлкен абыройға ие болды.
– Біздің атамыз ашаршылықтан бастап, өткен ғасырдың түрлі нәубеттерін бастан кешті. Арыс және Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленіп, Ташкент педучищилесін бітірген. Оның білімге құштарлығы өзінен тараған бес перзентке дарыды деуге болады. Балалары педагогика, химия, техника, дипломатия салаларында еңбек етті. Мен атамның тұңғыш немересімін және әскери қызметші боламын деп ойламадым. 1994 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, 1995 жылы әскер қатарына шақырылдым. Бұл еліміз егемендік алып, кадрлар жетіспей жатқан кез. Сонда маған әскери қызметте қалуды ұсынып, қазір полковник шеніне дейін жеттім, – деді Б. Ілиясов Jibek Joly телеарнасының «БҮГІН.Live» бағдарламасында.
Спикер өз атасының қарапайым, ашық, бауырмал болғанын айтады. Соғыс туралы көп айта қоймайтын, дегенмен мерекелік шерулерге қатысатын.
– Менің атам 1942 жылы 22 жасында майданға аттанды. Дунайды кешіп өткен маңызды операцияда артиллерия барлаушысы болған. Сондағы ерлігі үшін 1945 жылы 25 жасында Кеңес Одағының батыры атанған. Бұл оқиға туралы деректер жеткілікті. Өзім де қазір Ұлттық Қорғаныс универсиетінде оқу-әдістеме бөлімінің басшысымын. Мұнда офицерлерді магистратурада оқытамыз және аталарымыздың ерлігі мен отансүйгіштігін еске салып отырамыз. Әскерилердің басты міндеті – соғысу емес, соғысқа жеткізбеу екенін баса айтамыз, – дейді Б. Ілиясов.
Нағи Ілиясовтың көпшілік біле бермейтін тағы бір ерлігі – соғыстан кейінгі қираған экономиканы көтеруі, ауыл шаруашылы саласын дамытуы. Қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов ауылы еліміздегі ең үздік туристік ауыл атанып отыр.
– Соғыстан кейін атам партияның түрлі қызметтерін атқарды, совхоз директоры болды. Алпысыншы жылдары жаңа ауылдың бой көтеруі үшін еңбектенді, жаңа үйлер, балабақшалар, мектептер, клубтар салып, ағаш екті және сол жылдары-ақ көркейген үздік ауылдардың қатарынан көрінді. Сол кездегі ғылым мен агротехника жетістігін барынша қолданып, күріш фабрикасын іске қосты. Мұндай жетістіктерге жетуге оның темірдей тәртібі мен еңбекқорлығы ықпал етті. Қарамағында түрлі халық өкілдері жұмыс істеді, адамдармен тіл табыса алу мен ұйымдастырушылық қасиеттері де көмектесті. Оған қоса, қарапайымдылығы, мақсатқа жететін табандылығы да ұрпақтарына үлгі болып қала береді, – дейді спикер.
Бұған дейін Берлиндегі ратушаға алғашқылардың бірі болып кірген қайсар майдангер, мемлекеттік қауіпсіздік саласында қызмет еткен офицер, Халық қаһарманы Кенжебай Мәденов туралы ұрпақтар естелігін жариялаған едік.