Ертең Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Салық кодексі талқыланады

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 9 сәуір күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа Салық кодексінің жобасы мен іліспе құжат қаралады. Жалпы отырысты Jibek Joly телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Атап айтқанда, палата отырысында Қазақстан Республикасы Салық кодексінің жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады.

Бұл екі құжат бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап береді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды.

Мәжілістің жалпы отырысы 9 сәуір күні сағат 10:00-де басталады.

Еске салсақ, биыл ақпан айының басында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Салық кодексінің жаңа редакциясын 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуді тапсырды.

Жақында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Сенатта өткен дөңгелек үстелден кейінгі баспасөз мәслихатында Мәжілісте жатқан Салық кодексінің жаңа редакциясында сән-салтанат салығы қалай есептелетінін айтты.