Ертіс-Баян өңірінде бүгіннен бастап балық аулауға тыйым салынды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамыр айының соңына дейін облыс аумағында «Уылдырық шашу» акциясы өткізіледі. Тәртіп сақшылары балықтың кез келген түрі мен асшаян артемиясын аулауға болмайтынын ескертіп отыр.
Балықтың уылдырық шашу кезеңіне қолайлы жағдай тудыру, су жануарларын заңсыз аулау, биологиялық ресурстар өнімдерімен заңсыз айналым кезеңінде браконьерліктің алдын алу және жолын кесу мақсатында Павлодар облысында «Уылдырық» шашу акциясы жарияланды. Балық аулауға тыйым 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында сақталады.
— Павлодар облысының далалы жерлеріндегі және тұщы су айдындарында, соның ішінде Ертіс өзенінде (Абай облысының шекарасынан Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекараға дейінгі жайылмалы су айдындарында) балықтың кез келген түрін аулауға тыйым салынды. Сондай-ақ, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың барлық ұзындығы аталған тыйым сақталады. Әуесқойлық, спорттық балық аулауды қоспағанда, барлық су тораптарында, су қоймаларында бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде қарақұйрық, алабұға, сазан және шортанды аулауға, сондай-ақ тұзды су айдындарында асшаян артемиясын жинауға және дайындауға тыйым салынады, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Полицейлер табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді.
Бұған дейін Ертіс өзенінде балықтардың уылдырық шашу кезеңі қалай жүретіні туралы жазғанбыз.