Ертіс бойының оқырмандары Алматыдағы кітаптарды қашықтан оқи алады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар оқырмандары үшін Алматы кітапхана жүйесіндегі кітаптарды онлайн оқу мүмкіндігі пайда болды. Бұған жергілікті кітапханаларға орнатылған өзін-өзі басқару терминалдары мүмкіндік беріп отыр.
Биыл Ертіс-Баян өңірінде төрт кітапхана жөндеуден өтіп, цифрлық жүйеге көшті. Соның ішінде республикалық жоба аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен Павлодар қаласындағы екі кітапхана кешенді түрде жаңғыртылды.
Мәселен Торайғыров көшесіндегі орталық қалалық кітапханалар жүйесінде 270 мыңнан астам кітап бар. Ал цифрлық жүйеде 85 мыңы енгізілген. Бүгінде ағаш сөрелерінің орнына 2000-нан астам кітап сыятын 16 қозғалмалы сөре орнатылған.
Павлодар қалалық әкімдігінен хабарлағандай, кітапханада орнатылған өзін-өзі басқару терминалы арқылы кітапханашының көмегіне жүгінбей-ақ, Алматы кітапхана жүйесіндегі кітаптарды да онлайн оқу мүмкіндігі бар. Бұған жаңа жабдықтағы RFID-технологияның енгізілуі себеп. Осыдан бірнеше жыл бұрын кітаптарды штрих-код арқылы тіркесе, бұдан былай аталған әдісті қолдану арқылы оқырман таңдаған кітабын үй жағдайында да оқи алады.
— Кітапханалардың мазмұндық әлеуетін барынша арттырып, балалар мен жастарды белсенді тарту мақсат етіліп отыр. Олар қала тұрғындары үшін тартымды рухани орталыққа айналып, оқу мәдениеті мен білімге құштарлықты қалыптастыратын маңызды кеңістік болуы тиісі, — деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Сондай-ақ облыс орталығындағы Мүбәрак Жаманбалинов атындағы балалар кітапханасы да жаңартудан өтті. Мұнда оқу залы, мәжіліс залы және балалар бөлімдері бар. Жаңартылған ғимаратта оқушылардың ыңғайына қарай қозғалмалы жиһаздар мен сөрелер, жұмсақ дивандар орнатылған. Сондай-ақ, театр сабақтарына арналған шыны қабырға құрылған. Ата-аналар балаларының дайындығын өз көзімен көре алады.
Бұған дейін жауапты министрлік кітапханалардың табысын арттыруға мүмкіндік барын айтқан болатын.