«Ертіс орманы» резерватында ағаш ұрлығы 97 пайызға азайған

Фото: Фото: «Ертіс орманы» резерваты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Ертіс орманы» резерватында ағаштарды заңсыз кесу оқиғаларының күрт азайғаны тіркеліп отыр. Биыл жыл басынан орман ұрлығына қатысты небәрі бір факті анықталған.

Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан хабарлады.

- Резерват қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының бірлескен жұмысының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл заңсыз ағаш кесу 97 пайызға азайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылдың 9 айында заңсыз ағаш кесудің 30 оқиғасы тіркеліп, көлемі 452,5 текше метр (келтірілген шығын көлемі - 9 млн 328,1 мың теңге) залал келтірілген. Ал жыл басынан «Ертіс орманы» бойынша 2,2 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесу және орман ұрлаудың бір фактісі тіркелді,-деп жауап берді Kazinform тілшісінің сауалына резерваттың бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов.

Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Ағаш ұрлығы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілері тіркелген жоқ.

Еске сала кетейік, «Ертіс орманында» 2029 жылға дейін ағаш кесуге тыйым салынды.

Ертіс орманында орман өрті жаңа жүйенің көмегімен жылдам анықталды.