Ертіс-Успен каналының құрылысы қаржы жетіспеушілігінен созылып кеткен
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, Ертіс-Успен каналының құрылысы жобада жіберілген қателіктердің және қаражат жетіспеушілігі салдарынан созылып бара жатыр.
Ертіс-Успен каналының құрылысы кеңес заманында қолға алынып, кейін тоқтап қалған. Ұзақ жылдар тұрып қалуына байланысты оның түбіне шөп өсіп, салынған бетон плиталарын ел-жұрт таратып алып кеткен. 2020 жылы су құрылысы қайтадан қолға алынды. Жоба бойынша каналдың ұзындығы — 13 шақырым. Бірақ құрылыс жұмыстары соңғы үш жылда саябырлап қалған.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов жобаға «ҚазСуШар» кәсіпорны жауапты екенін айтады. Биыл оның бюджеті 10%-ға азайтылып, салдарынан канал құрылысын қаржыландыруда қиындықтар туындап отыр.
— Облыста суармалы жерлердің артуына байланысты Ертіс-Успен каналының құрылысын қайта жаңғырту қажеттілігі туғаны белгілі. Оның үстіне жоба жасалып тұрған. Бірақ жобалаушылар канал маңайында көлдердің барын ескерместен, каналдың табанына тек плиталар төсеуді ғана ұсынған. Салдарынан канал түбінің топырағы ылғалданып, плиталар төмен қарай сырғанап жатыр. Сондықтан құрылысшылар каналдың түбіне табиғи тастарды төсеп, нығайтып жатыр, — дейді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта аталған каналдың алғашқы кезегі іске қосылып, фермерлер 2,2 мың гектар жерді ғана суарып отыр.
Жаңа каналдың арқасында келешекте 10 мың гектар жерді суаруға болады. Нәтижесінде жылына қосымша 500 мың тонна ауыл шаруашылық дақылдарын өндіру мүмкіндігі бар.