Алматыда Бұхар Жырау көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі Есентай жағалауында қалалық арт-маршрут жасалды. Бетон бетінде Алматыға арналған ұзыннан созылған көркем композиция пайда болды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, әнді QR кодын пайдаланып тыңдауға болады.
— Олар серуен барысында біртіндеп пайда болып, тұтас визуалды әңгімеге ұласады. QR-код арқылы музыкалық шығарманы қосып, маршрут бойымен жүріп өтіп, оның әртүрлі бөліктерінен ән жолдарын табуға болады. Адам Есентайдың бойымен жүрген сайын композиция біртіндеп ашыла түседі, — деп түсіндірді әкімдік.
Бетон қабырғаларды безендіру үшін сыртқы жұмыстарға арналған кәсіби қасбеттік бояулар мен арнайы граффити бояулары қолданылған.
Жоба демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылған.
Алайда бұл жаңашылдыққа қатысты қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Кейбір тұрғындар мұны Абай даңғылы бағытына қарай жалғастыруға қарсылық танытты.
— Аудан тұрғындары жұмыстарды тоқтатып, жағалауды Абай даңғылынан әрі қарай боямауды сұрады. Олардың айтуынша, ашық түсті өрнектер жағалаудың сыртқы келбетін бұзады. Сондай-ақ тұрғындар мұны неге алдын ала олармен талқыламағанын сұрап отыр, — делінген пікірлердің бірінде.
Желіде арт-маршрутты сынап, пікірлер арасында «Балалардың шимайына ұқсайды, құдды бір 5–7 жасар балалар салғандай. Стрит-артпен айналысатын жақсы суретшілер бар ғой», «Өте нашар. Қандай да бір концепция болу керек қой» деген ойлар болды. Тағы бір алматылық мұның орнына түстерін үйлесімді етіп, басқа сурет салуға болатынын жазды.
Алайда оң бағасын бергендер де бар.
— Суретші әрі дизайнер ретінде «тым ашық түсті» деген пікірмен келісе алмаймын. Мұнда түстер жеткілікті дәрежеде жинақы қолданылған. Мұнда тек реңкіне емес, оның қанықтығына, жарықтығына, контрастына және түстік дақтың көлеміне де байланысты, — деді қала тұрғыны Ғалия.
Оның айтуынша, заманауи қалалық ортада түс тек сәндік элемент емес, сонымен қатар белгілі бір жердің ерекшелігін қалыптастыруға, навигацияға және кеңістіктің жақсы қабылдануына әсер ететін құрал бола алады.
Еске салсақ, Алматыда көшеге сызылған түрлі-түсті жол таңбасы нені білдіретінін жазғанбыз.