Есеп үшін халықпен кездесу, алдын ала сұрақ дайындау тыйылса екен - блогер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Блогер Аршат Ораз бүгін Президент қол қойған әкімдердің халықпен кездесуі туралы жарлыққа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент әкімдерге халықпен байланыс орнатып, Қазақстанның жаңғыру бағдарламасын түсіндіруді тапсырды. Бұл енді қалай орындалады екен? Ескі Қазақстандағыдай отчеттармен жабылар ма екен, әлде шынымен жаңа әдістер қолданыла ма? Меніңше жаңа кадрлар келмейінше бұрынғыдай алдын ала сұрақтар дайындау, кедейлердің үйінде фотоға түсу, қалаға жақын аудандарға ғана бару жалғаса береді. Қателескім келеді. Есеп үшін жұмыстар тыйылса екен дейсің. Бірақ осының өзінен отчеттардың иісі шығып тұр» деп күмән білдірді блогер өзінің Telegram парақшасында.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығының толық мәтіні жарияланған болатын.

Онда Президент жарты жылда бір рет облыс әкімдеріне әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу өткізуді тапсырды.

Барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын 15 қаңтарға дейін халықпен кездесудің жылдық күнтізбесін жасайтын болды.