Әкімдер жыл сайын 15 қаңтарға дейін халықпен кездесудің жылдық күнтізбесін жасайтын болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев жарты жылда бір рет облыс әкімдеріне әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу өткізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін қол қойылған жаңа жарлыққа сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері жыл сайын 15 қаңтарға дейін мынадай шараларды жүзеге асыруға тиіс:
- жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін;
- республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;
- аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;
- облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;
- ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын.
Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі.