Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Н. Ораздың айтуынша, ақпан айының аяғында фирма күзетшісі белгісіз біреулердің пластикалық терезені күштеп ашу арқылы зертхана ғимаратына кіріп, 9,5 миллион теңгені қолды қылғандығын Есіл аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Шұғыл оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктілердің зертханаға бірінші қабаттағы торланбаған терезе арқылы кіріп, меңгеруші кабинетінде орналасқан сейфтегі ақшаны қолды қылғандығын анықтады. Тексеріс жүргізу барысында сейф кілтінің күні бұрын құлып ұңғысында қалып қойғандығы белгілі болды. Ұсталғандар уақытша қамау абақтысына жабылды. Тергеу амалдары жалғасуда.