Есірткі сатпақ болған Қостанай тұрғыны 15 жылға сотталуы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Есірткі затын сатпақ болған Қостанай тұрғыны 15 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел із кесу шарасы барысында 48 жастағы Қостанай қаласының тұрғыны ұсталды. Оның гаражынан героин табылды. Нәтижесінде 170 граммнан астам есірткі затының заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл қойылды.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, жаза мерзімі мүлкін тәркілеумен 15 жылды құрайды», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жалпы, өткен жылы полиция қызметкерлері еліміз бойынша 7374 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның 1359-ы - есірткі өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 18 тонна есірткі алынды, оның ішінде 40 кг жуығы - героин.